№36 орта мектеп әкімшілігі бала келешегіне салғырт қараған
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова №36 орта мектептің жай-күйімен танысты.
1967 жылы 960 оқушыға арналып салынған білім ордасында бүгінде 90 білікті ұстаз қызмет атқарады.
Мектеп директоры Гүлжахан Абдрешеваның айтуынша, 4 қабаттан тұратын мектепте 2011 жылы жарық жүйесі, 2013 жылы шатыры, қаскелбеті, еден, терезесі, сыртқы есіктер және абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Дегенмен «Еліміздің келешегі — жастардың қолында» деп көкірек ұрғанымызбен, мұнда оқушыларға тиісті деңгейде жағдай жасалмағаны, мектеп әкімшілігінің жұмысында салғырттық бар екені зерделеу барысында анықталды.
Мысалға, асханадағы тазалық күн тәртібінің мерзімі 2019 жылдан бері өзгермеген. Электр көзінен ажыратылмаған аристоннан су тамшылауда. Орта мектеп директоры мен шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары мұндай олқылықтың соңы оқыс оқиғаға әкелетініне мән бермеген.
Тағы бір назар аударатын жайт — Әнұран. Мемлекетіміздің басты нақыштарының бірі саналатын рәміз көрнекі жерге қойылмаған, мемлекеттік стандартқа сай емес.
Мектеп әкімшілігінің қарапайым кемшіліктерге назар аудармауы өз кезегінде бала біліміне де теріс әсерін тигізері анық.
Раушан Пернешқызы оқушылардың қосымша үйірмелерге қатысу кестесі көзбояушылықпен өткізіліп жатқанын да қатан сыңға алды.
Мысалға, 11-сынып оқушылары таңертен оқитынына қарамастан, тоғызқұмалақ үйірмесі кестеде көрсетілген.
Жалпылама жасалған кестеге қарап, қай сынып оқушысы сабаққа немесе үйірмеге баратынын ажырату мүмкін емес.
Білім бөлімінің басшысы бала болашағына баспалдақ саналатын — мектеп табалдырығы мұндай кемшіліктен арылуы қажеттігін, аталған олқылықтардың орнын толтыру керектігін ескертті.
Сондай-ақ Р.Қожамжарова ағымдағы жылы дәретханаларды ретке келтіру жұмыстарын назарға алатынын алға тартты