АУДАНДАҒЫ АГРАРЛЫҚ САЛАНЫҢ АЛЫМДЫ ҚАДАМЫ

Апта басында облыс əкімі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен ауданымызда болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Аймақ басшысы әуелі Бәйтерек ауылындағы «Егізбай» шаруа қожалығының егіс алқабында болып, картоп шаруашылығын көрді. Шаруа қожалық пиязды – 45, картопты – 75, сəбізді 6 гектар алқапқа орналастырды. Бұдан бөлек, шаруашылықтың 30 гектар бидайы, 10 гектар алқапқа орналастырылған жоңышқасы бар, мал азығын да осы алқаптардан дайындауда. Бұл дақылдарды сеуіп жинайтын техникада дайын.

АЙ

Картоп қазу жұмыстары да басталды. Күніне 2-3 гектар алқаптың өнімі жиналады. Оның əр гектарынан орта есеппен 300-350 центнерден өнім жинау жоспарлануда. Бүгінде алқапта картоптың голландиялық «Буррен» жəне «Пикассо» сұрыптары өсірілуде. Жиын-терінге 40-50 маусымдық жұмысшы жұмылдырылды.

Келесі кезекте облыс əкімі қант қызылшасы алқабын көрді. «Ақкөл» шаруа қожалығы 40 гектар алқапқа тəтті түбірдің «Акация» мен «Виорика» сұрыптарын орналастырған. Шаруа оның əрбір гектарынан 450-600 центнерден өнім алуды жоспарлауда. Шаруашылық жетекшісі Алтынбек Керімқұлов балтамыр жинайтын комбайн алатын мүмкіндігінің жоқтығын айтып, қант зауыты комбайн алып шаруаларға өнім жинайтын кезде көмек көрсетсе деген өтінішін жеткізді. Бұдан бөлек, қожалықтың 300 гектар пиязы да жайқалып тұр. Қос алқапта болған облыс əкімі Нұржан Нұржігітов: «Биыл қант қызылшасына берілетін баға 30 теңге болды. Тұқым мен тыңайтқыш 50 пайыз жеңілдікпен субсидиялануда. Енді бірнеше шаруа қожалығы бірігіп қант қызылшасын жинайтын комбайн сатып алуды үйлестіргені дұрыс. Сол үшін кооперативке бірігіп жұмыс жасаған тиімді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 758 миллион теңге бөліп, «Тараз» əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на қаржы бөліп отырмыз. Осы мүмкіндікті пайдалануға асығыңыздар. Жаңа техника алсаңыздар оның 50 пайызы əкімдік тарапынан субсидияланатын болады», – деді.

Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов Айша бибі ауылдық округіне қарасты Қызылтаң ауылы қасында 110 гектарға орналасқан 50 мегаваттық «Айша күн шуақ» электр стансасының жұмысымен танысты. Станса басшысы Жандос Райбекұлының айтуынша, нысан жұмысын наурыз айында бастаған. Жылдық қуаты сағатына 92 миллион киловатты құрайды. Жобаның инвесторы – «Unigreen Energy» ЖШС, ал жоба операторы «АЕС Аsa» ЖШС. Жобаның жалпы құны – 20,8 миллиард теңге. Серіктестік алдағы уақытта тағы 20 мегаваттық күн электр стансасын салмақ ниеті барын айтты. Оның мегаватын кезең-кезеңмен көбейту үшін 300 гектар жер телімін алғанын жеткізді. Аймақ басшысы табиғат көзінен электр энергиясын өндіруде біздің облыс алдыңғы орында екенін, республикадағы энергия өндірісінің 21 пайызын Жамбыл облысы құрап отырғанын айтып, бұл шаруаның өңірде дамуына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Келесі кезекте аймақ басшысы Əулиебастау басындағы келушілерге ыңғайлы болуы үшін жасалып жатқан құрылыс жұмысын көрді. Мұндағы қолға алынған жобамен аудан əкімі Ерлан Қыдыралыұлы таныстырды. Бұдан кейін Аса ауылындағы аудандық орталық аурухана ғимаратының жағдайымен аталған аурухананың бас дəрігерінің міндетін атқарушы Нұрмахан Мәуленов таныстырып, ғимаратқа күрделі жөндеу керектігін айтып, қаржы бөлуді сұрады. Бұдан бөлек, облыс басшысы Қаракемер ауылындағы 25 келушіге арналған дəрігерлік амбулаториясының құрылыс жұмысының барысын көрді. Мердігер нысанды бір айда тапсырмақ ниетте. Ондағы құрылыс сапасына жақсы баға берген облыс əкімі нысанды мерзімінде тапсыруды міндеттеді.

Ауданға жасаған жұмыс сапары соңында облыс əкімі Нұржан Нұржігітов аудан əкімдігі аппаратының мəжіліс залында аудан активімен кездесті. Кездесуде аудан əкімі Ерлан Қыдыралыұлының есебін тыңдады. Активте арыз-шағымды қарау, ауыз су тарту, тұрғындарды көгілдір отынмен қамту, шалғай елді мекендерге интернет желісін тарту жəне басқа да қадау-қадау мəселелер қаралып, талқыланды. Жиын қорытындысында аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов аудан əкімі Ерлан Қыдыралыұлы мен оның орынбасарларына тиісті тапсырма беріп, тиісті басқармалар арасында кері байланысты орнатып, жұмысты жандандыруды тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.