Мемлекет басшысы Әзербайжан мен Арменияның бітімге келу процесіне қолдау білдіріп, Оңтүстік Кавказ тәжірибесі көреген көшбасшылықтың нәтижесін айқын көрсеткенін айтты
– Ондаған жылдар бойғы қақтығыстардан кейінгі тараптардың ымыраға келуі жаңа перспективаға жол ашып, Шығыс пен Батыс арасында байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Берік саяси ерік-жігері мен зор экономикалық әлеуеті бар АӨСШК ірі трансшекаралық жобаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қоса алады. Сондықтан АӨСШК-нің көлік байланысы стратегиясын бірлесе әзірлеуді ұсынамын. Бұл Стратегия өңіріміздегі «Бір белдеу, бір жол», Солтүстік – Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі, Орта дәліз және TRIPP бастамасын қоса алғанда, негізгі халықаралық көлік бағыттарының әлеуетін зерделеуге мүмкіндік береді, – деді Президент.
🔹Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда энергетика қауіпсіздігіне қатер төніп тұрғанын айтты.
– Трансшекаралық энергетикалық инфрақұрылым қақтығыстардың зардабын жиі тартып отыр. Соның салдарынан әлемдегі энергетика нарығында тұрақсыздық белең алды.