Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт болды. Кейінгі жылдардағы әлемдегі саяси өзгерістерді ескерсек, тәуелсіздіктің қадірі мен бағасы арта түсетіні анық. Егер тәуелсіздікке дер кезінде қол жеткізбесек, қазақ халқының бүгінгі рухани-мәдени және экономикалық жағдайы қандай болар еді?! Қалай болғанда да, Тәуелсіздік – терең ұғым, қасиетті құндылық.
Ендігі жерде өз алдына тәуелсіз мемлекет болғандықтан, ел ішінде өз саясатымызды жүргізу қажет болды. Сол себепті мемлекетіміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап өзінің сыртқы шекаралары мен ішкі тұрақтылығын сақтау мақсатында ел ішінде ішкі саясатты жүргізе бастады.
Жамбыл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі аудандағы ішкі қоғамдық саяси тұрақтылыққа жауапты бірден бір мемлекеттік мекеме болып табылады. Өңірде болып жатқан барлық мәдени, саяси түрлі іс-шаралар біздің бөлім арқылы өтіп келеді.
Есепті кезеңдегі жағдайға сәйкес аудан аумағында қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, акция, наразылық шерулер өткізілген емес. Әлеуметтік жағдай қалыптасқан, еңбек ұжымдарындағы қарама-қайшылық, айлық-жалақының кешігуі, жұмыс берушілер мен жұмысшы арасындағы жанжал, заңсыздықтар және бейбіт шеру өткізу туралы өтініштер тіркелмеген. Этносаралық ахуалды талдауға және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған іс-шаралар, ақпараттық-насихаттық тобының кездесулер жоспары бекітілген.
Өңірде әлеуметтік шиеленістердің алдын алу мақсатында ұлтаралық татулықты, ел бірлігін, ынтымағын нығайту жолында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру аясында қоғамдық ұйымдар мен этномәдени орталықтардың жұмыстары, күнделікті тыныс-тіршілігі баспасөз құралдарында тұрақты жарияланып келеді. Сонымен қатар, бөлім тарапынан жергілікті халық көп шоғырланған орындарға этносаралық келісім мен татулықты сақтауға бағытталған билбордтардың, тағы басқа көрнекі үгіт материалдардың орналастырылуын және уақтылы жаңартылып отыруы қамтамасыз етілуде.
Аудан бойынша атқарылып жатқан экономикалық-құқықтық, әлеуметтік-идеологиялық жұмыстар жыл сайынғы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы стратегиялық бағыттар бойынша жүзеге асырылып келеді. Президент Жолдауын насихаттау және түсіндіру мақсатында аудандық ақпараттық-насихаттық топтар құрылып, бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс атқарды. Топ құрамына мемлекеттік органдардан – бөлім басшылары, кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктер, ардагерлер кеңесінің өкілдері енгізілген.
Идеологиялық жұмыстың маңызды бағытының бірі ақпараттық-насихаттық жұмыстар болғандықтан, бөлім тарапынан тұрақты жалғасын тауып келеді. Карантин талаптарына сәйкес мемлекеттік мерекелер жылдағы дәстүрден өзгеше форматта өтті. Ел азаматтарының басым бөлігі сақтық шараларын сақтауға көшкендіктен, мерекелік іс-шараларды өткізу барысында осы ахуал және азаматтарды кеңінен қамту мәселесі ескерілді. Мерекелік іс-шаралардың бірыңғай күн тәртібін іске асыру және оны ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қолдау аудан әкімдігінің қабылдаған шектеулерді ескере отырып үйлестірілді. Мейрам күндері халықтың жаппай жиналуына жол берілмеді. Барлық іс-шара ақпараттық тұрғыда және онлайн-форматта ұйымдастырылды.
Халықтың рухын көтеріп, ел-жұртты жігерлендіруге ықпал ету мақсатында ішкі саясат бөлімі тарапынан әлеуметтік желілерде ҚР Қарулы Күштері және жауынгерлеріміздің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері туралы бейнероликтер мен тақырыптық сюжеттер таратылды. Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай жас ұрпақтың бойына Отанға деген мақтаныш сезімін арттыра отырып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерліктерін дәріптеу мақсатында білімгерлер мен оқушылар арасында «Мен батырдың ұрпағымын» тақырыбында бейнероликтер түсіріліп, әлеуметтік желілерде жарияланды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Аудан әкімімен бекітілген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған іс-шаралар жоспары жасалған. Соның аясында түрлі тақырыпта іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Аудан аумағында діни ахуал тұрақты деуге толық негіз бар. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан өткізіліп жатқан діни төзімділікті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар ықпалын тигізуде. Жергілікті тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының, сондай-ақ ауданымызға білімі мен біліктілігі жоғары теологтар шақырылып, түрлі форматта өткізіліп жатқан шаралар оң нәтижесін беруде. Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы еліміздегі үйлесімді конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастыруға, нығайтуға, халықтың діни сауатын арттыруға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын іске асыру үшін құрылған. Конфессияаралық келісімді нығайту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау мен тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру жұмыстары қолға алынған.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті міндеті. Тұрғындарымыздың Мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік рәміздерді халық арасында насихаттау және түсіндіру бойынша мазмұны мен маңызын түсіндіретін тақырыптық мақалалар әзірленіп, тұрақты жариялануда.
Жалпы, қоғамдық-саяси жағдайларда тұрақтылықты нығайту және маңызды құжаттарды түсіндіру, халық пен жергілікті билік арасындағы тұрақты қарым-қатынасты қалыптастыру және өзге де міндеттер жоспарлы жүзеге асырылып келеді.
Қазақстан эволюциялық жолмен, бейбіт дамудың нәтижесінде саясатта, экономикада, халықаралық қатынастарда биік белестерге көтерілді. Өзінің біртұтас, демократиялық, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет екендігін, адам құқықтары мен бостандықтарының үстемдігін паш етті. Ендігі мәселе – еліміздің өркендеуіне, дамуына, өркениетті озық елге айналуына үлес қосу.
Мадияр Сәмбетов,
аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы.