АУЫЛ ТАЗАЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Күнделікті көріп жүргеніміздей, өмірдегі өзекті мәселенің бірі – тазалық. Тазалық болмаған жерде бейберекеттік белең алады. Тазалық сақталмаса, тұрмыстық қатты қалдықтар мен күл-қоқыстар кез келген жерде шашылып жатса, елді мекеннің сәні бұзылады, көшенің көркі қашады. Сол үшін де тазалыққа көңіл бөлудің, тазалық жұмысын жүйелі жүргізудің маңызы зор.

Аудан аумағында ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен 1 қарашасына дейінгі аралықта күзгі абаттандыру, көгеріштендіру және санитарлық тазалықтың екі айлығын өткізу жарияланған болатын. Айлық аясында Аса ауылындағы мекеме-ұйым қызметкерлері мен жастар сенбілікке шықты. Олар қоқыс қалдықтарын жинап, ағаштардың түбін әктеп, қураған бұтақтарын кесті. Бұл игі шараға ауыл тұрғындары да атсалысты.

Бәрінің көздегені – ауыл тазалығы. Әр аптаның сенбісінде өтетін тазалық шарасына барша тұрғындар біркісідей атсалысады деген ойдамыз. Аса ауылы аудан орталығы болғандықтан, ауылдың келбетіне баса мән беріледі. Ауылдың тазалығы үнемі басты назарда болатыны да содан. «Тазалық тазаланған жерде емес, тазалық сақталған жерде» десек, әрбір тұрғын ауылдың тазалығын сақтауға міндетті екенін қаперге алғаны жөн.

Leave A Reply

Your email address will not be published.