Биыл қазақтың қабырғалы қаламгері, қаламы қарымды журналисті, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толды. Тіліп түсер турашылдығымен ел есінде қалған Шерағаның шығармалары да дәл өзіндей шыншыл. Белгілі классик Э.Хемингуэй адамның балалық шағының бақытсыз болуы және ол көп көрген қиыншылық қаламгер болып қалыптасуға игі ықпал етіп, қосымша тақырып, тың идея береді дегенді айтады. Шерхан Мұртаза туындыларынан бұл пікірге дәйек болар дүниелер кездестіруге болады. Өзі айтқандай жазушының балалық шағы 1937 жыл «жалмауыз жылмен» және зұлмат соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Ол заман балалығы болмаған балаларды ерте есейтті. Шерхан Мұртаза зұлмат заманды шынайы суреттеген «Ай мен Айша», «41-ші жылғы келіншек», «Мылтықсыз майдан», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Интернат наны», «Шекшек шырылдайды», «Соғыстың соңғы жесірі» сынды әңгімелері мен повестеріндегі кішкентай кейіпкерлері арқылы өз тағдырын, өз балалық шағын көрсетті. Шерағаның «Соғыс жылының балалары – әкелерін көрмей өсіп келе жатқан жетімектердің өксікке толы өмірлері де өзінше бір әлем. Жазғанымның бәрі алтын дей алмаймын. Бірақ солардың көбі және дәмділері, тек балалық шақтың нәрінен, балауса балғын шақтың әсерінен туған. Өсе келе, көпті көрдім, дүниенің шартарабын араладым. Бірақ соның бәрі мені балалық шағымдай байыта алмады» дегені бүкіл шығармашылығына арқау болған тарихи танымның төркіні қайда екенін танытады.
Жазушының 90 жылдығына тамшыдай болса да үлес қосуды жөн көрген аудандық білім бөлімі «VІІ Шерхан оқулары» атты ауқымы кең байқау ұйымдастырды. Бұл сайыстың ерекшелігі шара барысында Шерағаның туындылары жан-жақты зерделеніп, талдау жасалды. Төле би атындағы орта мектепте өткен байқау «Жұлдызы нұрлы суреткер», «Рух пен намыстың төресі», «Зау тұлға» және «Шерхан мұрасы» атты төрт бағытқа бөлінеді. Бірінші бағытта «Ай мен Айша» роман-дилогиясына талдау жасалса, екінші бағытта оқушылар жазушының «Қызыл жебе», «Бір кем дүние», «Тәуекел той», «Ай мен Айша», «Жүз жылдық жара» сынды туындыларынан және мақала-очерктерінен мәнеріне келтіре үзінді оқып, сахналық қойылым көрсетті. Үшінші бағыт шартына сай оқушылар қарымды қаламгерге арнауларын ұсынды, ал төртінші кезеңде қаламгер шығармаларындағы әйел бейнесі, ана образы, жазушының асыл сөздері сынды тың тақырыптарда зерттеу жұмыстары жасалды.
Қатысушылардың жұмысын ауданның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің үздік мұғалімдері тексеріп, «ең мықтыны» анықтауға атсалысты.
Нәтижесінде бірінші бағыт бойынша Бекжан Тілеубеков (Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп) бас жүлдені, Гүлжайна Сайпуллаева (№7 орта мектеп) бірінші орынды жеңіп алды, екінші бағыттан Жанерке Наршабаева (№6) үздік деп танылып, бас жүлде иегері атанса, бірінші орын Альбина Тілепке (Амангелді) бұйырды. Үшінші бағыттан Аида Амангелді (Ю.Гагарин) бас жүлдені, Алина Айдаралы (Айшабибі) бірінші орынды еншіледі. Төртінші кезең тапсырмасын талапқа сай орындаған Ерсұлтан Махмұдұлы бірінші орын иегері атанды.
Бас жүлде және бірінші орын иегерлері облыстық байқауда бақ сынайды. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Айгүл Бақытжанова жеңімпаздарды марапаттап, облыстан жүлделі оралуларына тілектестік білдірді. Сондай-ақ Айгүл Бақытжанқызы маңызды шараның өз деңгейінде өтуіне үлес қосқан Төле би атындағы орта мектептің ұжымына алғысын айтты.
Айдана ҚУАТОВА