Дәрігер – қадірлі мамандық. Бұл жолды таңдағандарға мол жауапкершілік жүктеледі, атқаратын жұмысы – ауқымды. Адамның жаны мен тәні ауырсынған сәтте іздейтіні де, жүгінетіні де – сол дәрігерлер. Сондықтан оларды адам жанының арашашысы деп жатады. Дәрігерлік қызметті қалтқысыз атқарып жүрген жандар ауданымызда аз емес. Солардың бірі – дәрігер-онколог Досмұхан Атамбай.
Талас топырағынан нәр алған ол бала күнінен дәрігер болуды армандады. 1997 жылы сол мекендегі Д.Қонаев атындағы орта мектепті үздік бітіріп шықты. Мамандық таңдауына медицина ғылымдарының докторы, ғалым Естере Оразақовтың «Тірі мүсіндер» атты туындысы әсер етіпті.
1998-2001 жылдар аралығында Жамбыл жоғары медициналық колледжінде фелдшерь мамандығы бойынша білім алып, онан соң Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің емдеу ісі факультетіне оқуға түсті. Оқуын ойдағыдай аяқтап, еңбек жолын Жуалы аудандық орталық ауруханасында бастады. Мұнда дәрігерлік жұмыстың қыр-сырын үйреніп, мол тәжірибе жинақтады. Араға алты жыл салып 2013 жылы Жамбыл аудандық орталық ауруханасының шақыртуымен онколог болып ауысады. Бұл өңірде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен тұрғын үйге қол жеткізіп, мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көрді.
– Қызмет жауапкершілігін айқын сезінемін. Біздің салада іске жан-тәнімен беріліп, науқасқа сапалы қызмет ету керек. Басқа жол жоқ, – дейді дәрігер.
Ол бүгінде отбасында тәрбиелеп отырған үш қызы ертеңгі күні медицина мамандығын өздері жүрек қалауымен таңдаса, оған қарсы еместігін де айтты.
Иә, бағалай білген кісіге медицина қызметкерлерінің тұғыры биік. Сондықтан, тек ісімен ғана емес, жүрегімен де емдей білетін Досмұханға емделушілері дән риза. Отбасы мен жұмысты қатар алып жүру дәрігер үшін оңай емес. Сондықтан ол әр ісіне ұқыптылықпен қарайды және медицинада қателесуге болмайтынын жақсы түсінеді.
Досмұхан Алғабасұлы дәрігерлікті, оның ішінде, онколог-маммолог жолын таңдағанына еш өкінбейді. Қайта адамға пайдасын тигізу басты мұраты екенін айтты. «Алдыңызға емделушілер қандай ауру түрімен көп шағымданып келеді?» дегенімізде:
– Асқазан мен ұлтабардың ойық жарасы. Бұл кезде адам асқазанының, сондай-ақ ұлтабарының (қақпадан кейін келетін аш ішектің бастапқы бөлігі) қабырғасында терең ақаулар мен ойық жаралар пайда болады. Онкология – бұл әлеуметтік ауру. Емдегеннен гөрі алдын алған тиімді. Пневмония және бронхит сияқты ауруларды да уақытында емдемесе, қатерсізден қатерлі ісікке ауысады. Бірақ, қатерсіз кезінде анықтау өте қиын. Сондықтан қазір әйел адамдарда сүт безі, жатыр мойнын және тоқ ішектегі қатерлі ісікті зерттейтін скринингтік жұмыстар жүргізіліп жатыр. 40 жастан 70 жасқа дейінгілер әр екі жыл сайын маммографияға түсіп, тексеруден өткені дұрыс. Одан бөлек, бізде қарап-тексеру бөлмесі бар. Ерлер және әйелдер мұнда жылына бір рет толық тексеріліп шыға алады. Бұл – қатерлі ісіктің алдын алу үшін жасалған шара. Мүмкіндігінше, дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанып, дипрессияға түспеуді басшылыққа алу керек, – дейді ол.
Иә, мемлекеттің басты байлығы – адам. Адамның басты байлығы – денсаулығы. Халық денсаулығын нығайтуға үлес қосып жүрген Досмұхандай дәрігерлер көп болса екен дейміз.
Жәнібек АСАНОВ