Ауданымызда күзгі санитарлық тазалық айлығы басталғалы біршама жұмыс атқарылды. Мұны жергілікті тұрғындардың және еңбек ұжымдарының белсенділігінен анық аңғаруға болады. Әр сенбіде тазалық жұмыстары ауылдық округтерде жалғасын тауып, талай тірлік тындырылуда.
Туған жердің тазалығы – күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Айналаны қоқыс қалдығынан тазартып, халықты ауызбіршілікке шақыратын игі істі қолдау – әрбір азаматтың парызы. Қоршаған ортаны таза ұстау – баршаға ортақ міндет. Осыны қаперге алған айшабибіліктер өткен аптада сенбілікке шықты.
Ауылдық округ көлемінде ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына елді мекенде орналасқан мекеме-ұйым қызметкерлері біркісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Соның ішінде, Айшабибі ауылының кіреберіс жерін, орталық көше мен әлеуметтік нысандардың айналасын толық қамтыған тазалық жанашырлары арық-атыздарды ретке келтіріп, қоқыс қалдықтарын жинап, оны арнайы техникаға тиеп, шығарып тастады. Осылайша олар ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосты.
«Ауылдық округтің тазалығын сақтау мақсатындағы жұмыстар алдағы уақытта да бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіле береді», – дейді округ әкімінің орынбасары Әзімхан Жарлығапов.
Айтулы шара айшабибіліктердің қоршаған ортаға деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және ауылдық округтің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталды. Осындай ұжымдық шаралар адамдарға оң әсер етіп, олардың бір-біріне деген сенімін ұштай түсері анық.
Ильяс Қалыбеков