Ниязбеков ауылындағы мектеп алыстан менмұндалайды

Жағымды жаңалықты, жақсы сөзді естігенге не жетсін. Газет редакциясымен хабарласқан Шәкен Ниязбеков ауылының тұрғыны Жақсылық Қонысбай Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектептің заманауи талаптарға сай күрделі жөндеуден өткеніне ризашылығын білдірген еді, уақыт созбай сол ауылға жол тартып кеттік.

Білім ордасының басшысы Әлихан Дуанаев бізді қуана қарсы алып, мектептің жайымен таныстырды. Оның айтуынша, 18 жыл мүлде жөндеу көрмеген бұл мектептің қазіргі күйі бұрынғы қалпымен салыстыруға келмейді. Құрылысты жүргізген «Тараз-2014» компаниясы 133 млн теңгеге 2 оқу корпусын бастан-аяқ тұрғызып, іші-сыртын әрлепті. Бірінші корпусында оқу кабинеттері, екіншісінде спортзал, асхана, акт залы, тағы да басқа бөлмелер бар.
Мектептің іші шындығында көз сүйсіндіреді. Кабинеттердегі парталар санитарлық талаптарға сай орналастырылған. Арнайы техникалық құралдармен жабдықталған. Химия, биология кабинеттеріне аудандық білім бөлімі тарапынан жаңа құрылғылар беріліпті.
Айта кететін жайт, мектеп директоры бейнелеу пәнінің маманы болғандықтан, қабырғаларының әрлеу жұмыстары осы кісінің қолынан шыққан екен. Сондай-ақ, осыдан он жыл бұрын бітірген түлектердің мектепке жұмсақ жиһаз, плазмалық теледидарларды сыйға тартқанын ұстаздарының еңбегін бағалағаны деп білдік. Бұдан бөлек, «Оқуға құштар мектеп», «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» атты мобильді кітапхана және Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына орай құрылған арнайы бұрыштар ерекше әсер сыйлайды.
Осы мектепте 40 жыл бастауыш сыныпқа дәріс берген ардагер ұстаз Жұмакүл Байдосованы сөзге тартқанымызда:
– Мектептің қазіргі көрінісі көңіл қуантады. Қай кабинетке кірсең де – жарық мол, барлық зат жаңа. Бұл балалардың да психологиясына оң әсер беріп, жақсы білім алуына септігін тигізеді, – деді ол. Ардагердің сөзіне қосылған Қонысбай қария күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезде осы істің басы-қасында қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде бақылағанын айтты.
– Ауыл тұрғындарының, ата-аналардың алғысы шексіз. Мердігер компания жұмысты артығымен орындады. Осындай игілікті әрекетке ықпал еткен аудан әкімі Сәкен Арубаевқа көпшіліктің атынан ризашылығымды білдіремін, – деді ауыл қариясы.
Әрине, жағымды жаңалық жан жадыратады. Бұл мектептен алдағы уақытта озат оқушылар шығып, абырой биігінен көрінетініне сенгіміз келеді.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.