Шаруасы шалқыған шаруашылықта

Сәрсенбі күні аудан әкімі Сәкен Арубаев пен орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы егістік алқаптарын аралап, жиын-терін науқанының өту барысына зер салды. Алдымен өңір басшысы Аса ауылдық округіне қарасты «Altyn Alma» ауылдық кооперативінің 50 гектар алма бағына барды.

Алманың төрт сұрпынан 300 тонна өнім алмақ

Кооператив төрағасы Ұлбала Құлыбекова алма өсірумен 3 жылдан бері айналысуда.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай, алма бақты тамшылатып суарамыз. Қондырғы насос үлкен үш бассейіндегі суды 27 мың алма ағашына жеткізеді. Қазір жиын-теріннің нағыз қызған шағы. Мұнда күндік ақыға 55 жұмысшы жұмылдырып отырмыз. Әр азаматқа 5 мың теңге төлейміз. Арнайы 2 жүк артатын техника алқапта тыным таппай жүр. Биыл 300 тонна алманы шығынсыз жинап алатынымызға сенімдімін. Саудаға Польша мемлекетінен әкелінген алманың чемпион, голден, бребер, гала сұрыптарын шығарамыз. Ал өнімді өткеру оңайға соқпайтыны анық. Алма келісі 150 теңгеден кем емес, – дейді кооператив төрағасы.
Алма бақтағы аста-төк өнімдерді көрген өңір басшысы:
– Нағыз еңбектің бел ортасында жүріп, тірліктің тінін жалғай білген өзіңіздей еңбекқор жандар көбейе берсін. Алманың тауарлы түрі көз сүйсіндірсе, дәмі тіл үйіреді екен. Саудаға өткеру жағын кәсіпкерлік бөліміне тапсырамын, – деді Сәкен Қаланұлы.
Әңгімеге қосылған ауыл шаруашылығы саласының ардагері Аманалы Құрбанов: «Жалпы өңірде алма бақты жайқалтып, мол өнім алып отырған шаруалар көп. Олар Ақбұлым, Ақбастау, Аса ауылдарына тиесілі», – деп «Altyn Alma» ауылдық кооперативінің шаруасы тындырымды екенін сөз етті.

Өнімді кеш ексе де, егістігін жайқалтып үлгерді

Мұнан соң аудан басшылары «Шарипов» шаруа қожалығының 213 гектар қант қызылшасын көрді. Сабағы жайқалып, топырағы дым тартқан егістіктің ұшы-қиыры көрінер емес.
– Тәтті түбірді баптай білген табыстың тайқазанын тасытады. Алғашқы сұрпы өнім бермей әбігерге салғанымен, алқапқа қайта соқа салып, қайта орналастырған Абдумалик Шариповтың іскерлігін айта кеткеніміз жөн. Өзіңіз көріп тұрғандай, қант қызылшасының түбірі кесектей, – деді Ерлан Қыдыралыұлы топырақтан жотасы көрініп жатқан қант қызылшасын қолына алып.
– Қант қызылшасының масағы қалмайды. Техникалардан қалған өнімдерді жақын маңдағы жұртшылық жинап, төрт-түлікке азық етеді, – деді Аманалы Омарұлы әңгіме арасында.

Қызыл қаптан кілем тіккен

Сапарының соңында аудан басшылары қызыл қаптан кілем тіккен «Ақкөл» шаруа қожалығының 160 гектар пияз алқабына табан тіреді. Мұнда қазық жұмыстары аяқталып, жүк көліктеріне пияз қапшықтары артылуда.
Аудандағы пияз алқабы туралы мағлұмат берген аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самат Жарасбаев: «Биыл 8822 гектарға көкөніс дақылдарын орналастырсақ, 5582 гектарына пияз, 680 гектарға қант қызылшасы егілді. Пияздың 2300 гектары жиналып, 82 мың тонна өнім алынды. Әр гектардан 100-110 тоннадан өнім беруде», – деді.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.