Айшабибіліктер енді тротуармен жүреді

Қасиетті Айшабибі өңі­ріне биыл қомақты қара­жат қарас­тырылып, жұртшы­лыққа қолайлы орта қалыптастырылуда.

600 орынға шақталған Айшабибі атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, жер кезегінде тұрған 382 азаматқа ауылдан жер телімін үлестіру үшін инфрақұрылым желілері жүргізілуде. Сонымен бірге 300 орынды жаңа мектептің құрылысы басталды. Бұл қажеттіліктің барлығы айшабибіліктердің көптен бергі сұранысы болатын.
Тағы айта кетерлік жайт, аудан әкімі Сәкен Арубаевтың жыл қорытындысы бойынша 2 ақпан күні өткен кездесуінде ауыл азаматтары жоғарыдағы және басқа да сауалдар легін жолдап, орындалуына күш жұмсауын өтінген болатын.
Ауылдық Мәдениет үйінде өткен жиында Айшабибі орта мектебінің директоры Бахыт Шертаева «Ауылда республикалық маңызы бар Жібек жолы көшесі орналасқан. Ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары жол жиегінде жаяу жүргіншілерге арналған тротуардың жоқтығынан жол жиегімен жүреді. Осы жайтқа назар аударуыңызды сұраймыз» деген сауалын жолдаған болатын.
Өз кезегінде аудан әкімі Сәкен Арубаев оқушылардың қауіпсіздігі басты назарда екенін айтып, ағымдағы жылы жұмыстар тиянағын табатынын тап басып айтқан.
Жуырда Айшабибі ауылына арнайы барып, жол бойынан салынып жатқан тротуардың құрылысын көріп, ауыл әкімі Дәрмен Дәулетовті сөзге тартқанбыз.
– Бүгінде Жібек жолы көшесіне ұзындығы 2 шақырымды, ені 1 метр 30 сантиметр құрайтын жол жиегі толықтай асфальттануда. «Айя-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған игілікке 27 млн теңге қаралып, бүгінде жұмыстың 70 пайызы аяқталды», – дейді Дәрмен Рысбайұлы.
«Сөзден – іске!» демекші, ауыл азаматтарының ұсыныс-пікірінің орындалып жатқаны жергілікті билікке деген сенімнің арта түсетініне өз септігін тигізетіні сөзсіз.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.