Талапкерлер үшін таптырмас мүмкіндік

Жамбыл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері білім беру мекемелеріндегі мектеп бітіруші түлектермен кездесіп, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтына оқуға түсуге шақыруда.

Аталған институтта білім аламын деген азаматтарға барлық жағдай жасалған. Білім алушылар үшін оқу ақысы және киім-кешек тегін. Институтты бітірген жас маман арнайы жолдамамен жұмысқа жіберіледі.
Бұл туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Нұржан Күдербай Өрнек ауылындағы №17 Жамбыл колледжінің білімгерлерімен кездесу барысында айтты.
Кездесуде Нұржан Нұрланұлы институтқа түсудің талаптарына кеңінен тоқталды. Бұл оқу орнына орта білімі бар, он алты жасқа толған, денсаулығы жарамды, ұлттық бірыңғай тестілеуден немесе кешенді тестілеуден жақсы балл жинаған азаматтар қабылданады. Қабылдау комиссиясы әуелі талапкердің өзімен танысып, медициналық және психофизиологиялық көрсеткіштері бойынша денсаулығының жарамдылығын анықтайды. Одан соң дене дайындығы бойынша сынақ қабылдайды.
– Көкшетау техникалық институтын таңдаған азамат мемлекет қаражаты есебінен оқытылады. Сонымен қатар, киім-кешекпен, 4 мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Мемлекеттік шəкіртақы және тоқсандық демалыс кезіндегі жол ақысы төленеді. Институттың күндізгі бөлімін бітірген уақыты əскери қызметті өтеу уақытына теңеледі. Осы және өзге де ақпаратты аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен кез келген уақытта ала аласыздар, – деді Нұржан Күдербай.
Жиында ҚР Төтенше жағдай­лар министрлігіне бағынысты құрылымдардың және Көкшетау техникалық институтының күнделікті тыныс-тіршілігі жайында бейнебаян көрсетіліп, институтқа түсу шарттары және оқу тәртібі жазылған жадынама парақшалары таратылды.

Жәнібек АСАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.