«Сұлулық құрбандықты талап етеді!». Бұл ұғыммен әрбір әйел заты жақсы таныс. Тарихи деректерге үңілсек, ежелгі уақытта әйелдер шаштарын бояп, түрлі маскалар жасап, кремдер қолданған. Бірақ, сапаның шынайы нәтижесі көпшіліктің талабынан шыға бермеген. Бақытымызға орай, бүгінде сұлулыққа мән берген сала жақсы дамыған және қауіпсіз.
Әңгімемізге арқау болып отырған Аса ауылының тұрғыны Мөлдір Құрманалиева көп уақыттан бері өзінің жеке сұлулық салонын ашуды армандаған болатын. Мақсатына жету үшін бірнеше оқыту курсынан өтті. Ол болашағына үлкен қадам жасап, осыдан үш жыл бұрын аудан орталығында жалға алған ғимаратта «Мөлдір» сұлулық салонын ашып, халыққа қызметін ұсынып келеді. 3 адамды жұмыспен қамтып отырған маман түрлі семинарларға қатысып, тәжірибе жинақтап отырады. Атап айтар болсақ, жақында Алматы қаласында өткен шаш сәнінен және бет әрлеуден өткен шеберлікті арттыру курсына барып қайтуы оның ізденімпаз жан екенін аңғартады. Өзі де қызметкерлеріне ұдайы шеберлік сабағын өткізіп, біліктілігін арттыру мақсатында осы бағыттағы курстарға жіберіп отырады.
Мөлдір Жамбыл жоғарғы медицина колледжінде және Тараз мемлекеттік университетінде оқып, фельдшер және биотехнолог мамандықтарын алып шықты. Десе де, «әйел затын сұлуландырсам» деген бала күнгі арманын орындап жүрген Мөлдір Жомартқызы бізбен әңгімесінде:
– Әйелдерге сұлулық сыйлау – бір ғанибет. Сол үшін сұлулық салонын аштым. Кәсіп бастауда табандылық таныттым деп айта аламын. Оған кішкентай кезімнен алдыма қойған мақсатыма жетпей тынбайтын мінезім себеп болды. Қазір бірдеңе тындырдым, мен мынаны істедім дей алмаймын. Бәрін енді бастадым. Қолымнан келетініне сенемін. Бастамам жаман емес. Ал, кәсіпкерлік бағыттағы курстан өтуім, бұл менің алға қойған үлкен жобаммен тығыз байланысты. Яғни, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 1 млн 200 мың теңгелік қайтарымсыз грантты алдағы уақытта жеңіп алып, Аса ауылынан үлкен сән салоны мен «Бизнес-Бастау» сияқты оқыту курсын ашсам деген ниетім бар. Егер аталмыш бағдарлама аясында қаражатқа қол жеткізсем және аудан орталығынан кішігірім кәсіпкерлік нысанына арналған жер берілсе, қарқынды жұмыс жасап, жұмыссыз жүрген жас қыз-келіншектерді жұмыспен қамтитын боламын, – деді.
Иә, Мөлдірдің әсемдігі көз тартатын, заманауи технологиямен жабдықталған, мұнтаздай таза сән салонына келушілер қатары қалың. Оның ішінде, маникюр, педикюр, шаш қию, бояу, бет әрлеу жұмыстары сапалы жасалады.
Мөлдірдің болашаққа құрған жүйелі жоспарлары аз емес. Отағасы Данияр жұбайының әр бастамасына қолдау білдіріп келеді. Бүгінде бақытты отбасында екі ұл мен бір қыз өсуде. Кәсіпкерлікке мықтап бет бұрған кейіпкеріміз болашақта өз ісін кеңейтіп, әлі талай жобаларды дүниеге әкелсем дейді.
Prev Post
Next Post