Тұрғындар әл-ауқатын арттыру жолында

Түгін тартса, майы шығатын топырағы құнарлы кең-байтақ жерге ие болған қазақ халқы ежелден егін егіп, шөбі шүйгін өлкеде мал бағып, нәпақасын еңбекпен тапқан. Бір қуанарлығы, бұрын екі қолға бір күрек таба алмай қиналған ауыл азаматтары бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп, туған жердің төскейін төрт түлікке толтырып, шаруашылығын өрістетіп, табысын еселеуде.
Осындай игілігі мол бастамалардың бірі – пилоттық жоба Қаракемер ауылдық округінде жүзеге аса басталғаны елді мекен тұрғындарына мәлім. Бұл жобаның негізгі мақсаты халықтың тұрмысын түзеп, табысын арттыру болып табылады.
Жалпы, бұл округте 450 аула бар. 2641 адам тұрады. Дәлірек айтқанда, округке қарасты Қаракемер ауылында – 1785, Құмтиында – 769, Сеңгірбай ауылында 87 тұрғын бар. Жоба бойынша 164 адамға 575 млн 336 мың 825 теңге жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие берілуі керек деп есептелген. Бүгінгі таңға 100- ге жуық тұрғынның құжаттары «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына тапсырылған. Оның 80-нен астамы мал шаруашылығына бағытталса, қалғандары үй іргесіндегі жерді, аула сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану мақсатына қайырылып отыр.
Округ бойынша, негізі, 111 шаруа қожалығы тіркелген . Мемлекеттің қолдауын сезінген шаруа қожалықтарына бұл үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Мәселен, 450 ауланың 432-сі үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану негізінде 4,687 млн теңге несие алуға үміттеніп отырса, 2,1 гектарға қызанақ, 1,1 гектарға қарбыз, 1,9 гектарға пияз, 1,7 гектарға қияр орналастыру және 5 қожалық жылыжайлар салуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту және төрт түлікті асылдандыруға 157 аулаға 2970 бас мал алу үшін 368,5 млн теңге қажет деп болжанған. Яғни, 250 сауын сиыр, 100 етті мүйізді ірі қара, 2200 қой, 420 жылқы алынады деп жоспарланған. Бұдан бөлек «Тараз» микроқаржылық ұйымына ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау немесе құру мақсатында техникалар алуға сұраныс берілген. Тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған жобаларға да сұраныс артып отырғанын аңғаруға болады.
– Қазіргі таңда өтінімдерді қабылдау, құжаттардың дұрыс әрі заңды рәсімделуі басты назарымызда. Жұмыстарды жеделдетіп, тұрғындарға құжаттарды дайындау шараларына барынша көмек көрсетуді қолға алып отырмыз. Бес бағыт бойынша құрылған жобаның мән-маңызын, мақсат-міндеттерін насихаттап, түсіндірудеміз. Атқарылып жатқан жұмыстар өңір әлеуетін көтеруге үлкен септігін тигізеді деп есептеймін, – деді бізбен әңгімесінде ауыл әкімі Жәнібек Әуелбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.