Тараз төрі думанға бөленіп, тұрғындар алғыс білдірді

Кеше Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына және Тараз қаласының күніне орай «Туған жерім – дархан далам!» атты Жамбыл ауданының Тараз қаласындағы күндері өтті.

Тыңғылықты дайындықпен кел­ген ауданның өнерпаздары, кітапхана­шылары, жәрмеңкеге түрлі өнімдерді арзан бағада сатылымға шығарған шаруа қожалық иелері, ұлттық ойын­дарымызды кеңінен дәріптеп жүрген спортшылар, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымызды насихаттап жүрген ақ жаулықты әжелер, қара домбыраны күмбір­леткен күйші­лер кештің сәнін келті­ріп, жұртшы­лықтың көңілдерін көктем етті.
Әуелі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен орынбасары Дәулет Кәрібек, Тараз қаласы мен Жамбыл ауданының әкімдері Ержан Жылқыбаев пен Сәкен Арубаев «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығына қойылған аудан тарихынан сыр шертетін көрмелерге, қолөнер бұйымдарына зер салды.

Аймақ басшысына аудандық техникалық және шығармашылық орталықтың директоры Салтанат Құрманова көрме жайында кеңінен мағлұмат берсе, аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы Замира Қожамқұлова Жамбыл Жабаев мұралары мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кітап көрмесіне шолу жасады. Тараз қаласын қоршап жатқан өңірдің құнды жәдігерлері жөнінде аудандық тарихи-өлкетану музейінің инспекторы Гүлбағира Бекжанова кеңінен баяндады. Облыс басшысы түрлі тағамдар әзірленген киіз үйден дәм татып, этнос өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесті. Дүнген, түрік және өзге де ұлттың өнерлі қыздары мың бұрала билесе, орыс өнерпаздарынан құралған ансамбль ән шырқап, думанды кештің қызығын еселеді. Рыскүл Нұрмолдаева бастаған әжелер ән айтса, ақсақал Орынбай Рысбаев облыс әкіміне ақ батасын берді. Батагөй қарияның батасынан кейін сөз алған Бердібек Машбекұлы: «Мұндай өнер күндеріне аталар мен апалардың тағылымы керек. Әсіресе жастарға оның берер тәрбиесі орасан зор. Осы құндылықтарды, салт-дәстүрді жас ұрпақтың бойына сіңіргеніміз жөн. Жастарға ең керегі – білім мен абырой. Сондықтан, сіздердің бүгінгі еңбектеріңіз бағалауға тұрарлық. Баршаларыңызға рақмет», – деді.
Сондай-ақ дәл осы күні ауданның ауыл шаруашылығы өкілдерінің 14 түрлі өнімі Тараздың қақ төріне қойылды. Облыс әкімі аталған жәрмеңкені де аралап көрді. Бұл жәрмеңкеде алманың келісі 300 теңге, пияз – 50 теңге, картоп – 110 теңге, жұмыртқаның бір данасы – 30 теңге, қырыққабат – 90 теңге, тауық еті – 900 теңге, жылқы еті – 2300 теңге, қой еті 2 мың теңгеге саудаланды. Қала тұрғындарына сүт, құрт, талқан, тары өнімдері де арзан бағаға сатылды.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самат Жарасбаевтың бізге берген мәліметіне сүйенсек, жәрмеңкеде 200 келі сиыр еті, 270 литр сүт, айран, 3000 дана жұмыртқа, 900 келі жеміс-жидек, 1150 келі пияз, 500 келі картоп, 250 келі шұжық, 250 келі сәбіз, 70 келі ірімшік, қаймақ, сүзбе, 30 литр қымыз, 100 келі қырыққабат, 50 келі қияр саудаланған.
Келесі кезекте аймақ басшысы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады. Ерекше безендірілген сахнада «Аса сазы» ән-би ансамблінің «Әлқисса» күйіне қойылған би концерттік бағдарламаның шымылдығын көтерді. Сахна сәніне, бишілер мен әншілердің өнеріне көрермендер тәнті болды. Концерт барысында ауданның белгілі айтыскер ақындары Айтмұханбет Исақов, Нұрлыбек Құрманов, Алихан Яшар жырдан шашу шашты.
Осылайша, Тараз қаласындағы Жамбыл ауданының күндері сән-салтанатқа, барша маңызды құндылықтарға толы болып өтті.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.