Ерекше жандарға арналған мейірім мерекесі

Мына өмірде біз мән бере бермейтін ерекше жандар бар. Оларды мүмкіндігі шектеулі жандар деп жатамыз. Турасында олай емес. Олар – ерекше жандар, рухы мықты адамдар. Неге десеңіз, туылғанынан өмірі күреске толы. Сондықтан болар, өмірге деген құлшынысы да өзгеше. Болмысы да бөлек. Қатардағы адамдар секілді кез келген қиыншылыққа мойымайды. Қайта қарсы тұрады, төтеп береді. Ақиқатында, олардың бойында бар күш-жігер сау адамдардың көбісінде жоқ.

Дегенмен оларға бірдеңе жетіспейді. Ол нәрсе – мейірім. Олар адамдардың көзінен аяушылық емес, мейірім көргісі келеді. Өйткені олардың өзі де мейірімді әрі бір-біріне жанашыр жандар. Олар ешкімді бөлмейді, кемсітпейді, үстінен күлмейді. Өздеріне өзгелердің де солай қарағанын қалайды. Бар болғаны сол ғана.

Әлбетте, арамызда мейірімді, жомарт, жақсы адамдар бар. Бұны жоққа шығаруға болмайды. Өзгені қолдағысы келетін азаматтар да жетерлік. Мұндай азаматтар игі іске иіліп, өзге адамдарға қолдан келгенше көмектесіп жатады. Және де олардың қайда, кім болып жұмыс істейтіні еш маңызды емес. Ең бастысы, адамдарға деген жанашырлығы, шынайы ниетпен жасаған жақсылығы. Қазіргі заманда бұл өте құнды дүние. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін игілікті де үлгілі іс.
Мүмкіндігі шектеулі жандар күні қарсаңында облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының аудандық филиалында өткен «Баланың бәрі бақытты болу үшін жаралған» атты мерекелік іс-шара жоғарыда айтылған жайттардың айқын көрінісі. Мейірім мерекесіне «Nur Otan» партиясы Жамбыл аудандық филиалы, «Балдырған» бөбекжай-бақшасының ұжымы мен тәрбиеленушілері, Б.Кейкиев атындағы орта мектептің мұғалімдері мен оқушылары атсалысса, арда азамат Руслан Мырсапарұлы демеуші болды. Барлығы да соңынан оңалту орталығы тарапынан Алғыс хатпен марапатталғанын айта кеткен жөн.
Бөбекжай мен мектеп арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын ұсынды. Олар балалардың құрметіне ән айтып, мың бұрала би биледі. Сайқымазақтардың кейпіне еніп, мультфильм кейіпкерлерін сомдап, балдырғандардың қатысуымен қызықты да күлкілі көріністер көрсетті. Осылайша балалардың көңілін көтеріп, қошеметіне бөленді.
Шарада сөз сөйлеген партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Қасымов ерекше жандарды қолдау партия бағдарламасында нақты көрсетілгенін, соның шеңберінде «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылып жатқанын тілге тиек етті. Ұйымдастырылған шара да осы жоба аясында өткізілгенін алға тартты. Балаларға өзімен бірге әкелген сыйлықтары мен тәттілерін үлестірді. Оларға мерекелік көңіл-күй тарту еткен оңалту орталығына, мектеп пен бөбекжай қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, жұмысына табыс тіледі.
Мереке аяқталар шақта ортаға тәтті нан әкелінді. Барлығының көкейіндегі ізгі тілек бір – балалар ешқашан ауырмасын деген. Көптің тілегіне біз де қосылдық.

Ильяс Қалыбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.