Қазіргі таңда халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіппен айналысуына бар жағдайды жасау мемлекеттің алдында тұрған ең басты саясатының бірі болып қала бермек. Оның үстіне шағын және орта бизнес субъектілерінің аяққа тұруы – өз кезегінде еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарынан ойып тұрып орын алуына бастайтын басты бағыттардың бірі. Бұл ретте Жамбыл облысы аймақтардың алды болып, бұрын-соңды болмаған жобаны қолға алған.
Бүгінде ауылдардағы жеке қосалқы шаруашылық жерлерін ұтымды ұқсату ойдағыдай емес. Ал, жоба аясында жергілікті халыққа қолдау мүмкіндігі ретінде 2,5 пайызбен несие беріледі. Оған жоба аясында пилоттық округтердегі тиімді несиеге қол жеткізіп, қорасын малға толтырып жатқан ауылдықтардың тыныс-тіршілігі дәлел. Өрнек ауылдық округінде іске қосылған пилоттық жоба үй іргесіндегі жер учаскелерді тиімді пайдалану, мал шаруашылығын дамыту, егістік жерлерді тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қажетті техника мен жабдықтар сатып алу, ауылшаруашылық өндірістік кооператив саласындағы тауарларды өндіру, өңдеу және қайта өңдеуге бағытталған несиелендіру бағыттары бойынша жүзеге асырылуда. 120 тұрғын жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие алу үшін құжаттарын тапсырған. Соның ішіндегі 93 тұрғынның құжаттары заң талаптарына сәйкес рәсімделіп, 59 азаматтың шотына 215 млн 840 000 теңге несие қаржылары аударылған. Оның 23-і жалпы саны 854 бас малды, 57 бас жылқыны, 27 бас мүйізді ірі қара Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесіне тіркеген. 27 тұрғын қажетті құжаттарды жинауда, сонымен бірге кепілді бағалаудың қорытынды құжатын күтуде. Ауыл тұрғындары бірлесіп жұмыс атқару үшін «Өрнек-Даму» ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрған. Жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен алынуға жататын ауылшаруашылық техникалары №17 Жамбыл колледжінің базасында орналастырылады. Алынуға тиіс техникалар шаруа қожалықтарының, тұрғындардың маусымдық егін егу, жинау жұмыстарының қажеттіліктерін қанағаттандырады. Қазіргі таңда құны 16 млн 800 мың теңгені құрайтын техникаға құжаттар өткізілген.
Екі ауыл азаматы өз кәсібін ашу үшін жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие алуға құжаттарын тапсырған. Бірінің бизнес жоспарында кондитерлік цех пен наубайхана көрсетілсе, екіншісінде ауыл іргесінен жеміс-жидек өңдеп, жылыжай салу көзделген.