«Әйел – қырық шырақты» дейді халқымыз. Отбасының берекесін ұйытып, бала өсіріп, жар күтетін әйел – ел экономикасына үлес қосу бағытындағы ауқымды жұмыстарда да өте белсенді. Әсіресе кәсіпкерлік жұмыстарында бақтары мен іскерлігін ұштауда қыз-келіншектер тартынып жатқан жоқ. Әңгімемізге тұздық болсын жаз және күз мезгілдерінде жеміс-жидек пен көкөніс мол әрі арзан болады. Осы уақытты тиімді пайдаланған әйелдер жертөлелерін түрлі тосапқа, шырынға және салатқа толтырып алады. Солардың қатарында жыл сайын қыстың қамына ерте кірісетін асалық Құралай Баймбетова да бар. Ол өткен жылы 300 банкі салат пен тосап және шырын жапқан. Жұмыс пен үй шаруасын қатар алып жүрген кейіпкеріміз Тараз қаласы Қант зауыты аумағының тумасы. Әкесі Эсхил мен анасы Бота қызын жастайынан еңбекқорлыққа бейімдеп, ізгілікке үйреткен.
– Банкі басуды жаздың соңы мен күздің басында бастаймын. Бұл уақытта бақшадан, сонымен қатар сауда орындарынан жеміс-жидектердің түр-түрін табасың. Бағасы да арзан болады. Негізі, жеміс-жидек пен көкөністі көп сатып алмаймыз. Ауламызда алма, шие, алқоры, сары өрік ағаштары өседі. Осы жеміс ағаштарынан тосап, шырын жасаймыз. Ал, бақшамыздағы қызанақ, қырыққабат, қиярдан салаттың бірнеше түрін жабамыз. Өткен жылы 300 банкі жаптым. Бұл бізге қыс бойы азық болады. Негізі дүкеннен газдалған, адам ағзасына зиян сусындарды да алмаймыз. Отбасымызбен бірге әзірлеген табиғи өнімді тұтынамыз.
Банкі басарда сапасыз өнім тұтынса, ол адам денсаулығына зиян. Сондықтан көкөніс пен жемісті аса мұқиятпен таңдаған жөн. Әсіресе жұмсарып кеткен өнімді пайдаланбау керек. Шыны ыдыстың тазалығына мән беру қажет, – дейді Құралай Эсхилқызы.
Жер-ананың тартуын кәдеге жаратып, қысқы азықты қамдауда алдына жан салмайтын Құралайдың еңбегі – көпке үлгі. Иә ауданда кәсібінен несібесін тапқан әйелдер қаншама. Түйіндей айтқанда, әйел – іскер, білікті басшы, әйел – жылулық, барша әлемге мейірім шашып тұратын шапағат шуағы. Оған қоса, қазіргі таңда осы нәзікжандылар қауымының қоғамдағы рөлін іскерлік және көшбасшылықпен етене байланыстырмаса болмайды. Өйткені, елдегі гендерлік саясаттың маңызды бөлігінде олардың алатын орнының айрықша екендігі белгілі. Бұл бағытта біз мақалаға арқау еткен кәсіпкер әйелдердің барлығы да ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына, қазақстандық өнімнің сапасын арттыруға өзіндік үлесін қосып жатқаны айқын.