Дала еңбеккерлері өнім молшылығын жасады

Жуырда ғана ауыл шаруашылығы еңбеккерлері төл мерекесін атап өтті. Шара аудан орталығында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен басталды.

Бұдан соң жиын ел ырысын еселеп отырған диқандар қауымын марапаттау рәсіміне ұласты.

Ауданның 17 ауылдық округіндегі шаруа қожалықтарынан әкелінген жылқы, сиыр еттері, құрт, шұбат, сүт өнімдері мен жылыжай көкөністері нарықтағы бағадан төмендетіліп сатылды.

Иә, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің төл мерекесі – тоқшылық пен молшылықтың тойы. Қара жерді баптап, дән сеуіп, елді ас атасымен қамтып  жүрген шаруалардың еңбегі ұшан-теңіз.

Жамбылдық шаруалар ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Бүгін сол еткен еңбек пен төккен тер елеусіз қалмады.

Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы саланы дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Шымырбай» шаруа қожалығының төрағасы Әділбек Шымырбаевты, «Пионер» өндірістік кооперативінің механизаторы Мұратбай Айтжановты, жеке кәсіпкер Акрам Жаналиевті, Көлқайнар ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-статисі Лаура Сәрсенбиеваны, «Дәурен» шаруа қожалығының төрағасы Руслан Ембердиевті, «Қуаныш» шаруа қожалығының төрағасы Шахан Қуанышұлын Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хатымен, «Карибаев Д» шаруа қожалығының төрайымы Мөлдір Тұрсынбекованы, «Қазақ егін және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» басшысы Әлижан Аштаевты, Қарой ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-статисі Нұргүл Ауғанбаеваны, «Шонтаев және жанұя» шаруа қожалығының төрағасы Гауһарбек Шонтаевты Жамбыл аудандық мәслихатының Алғыс хатымен, «Саид» шаруа қожалығының төрайымы Соня Мұсаеваны, «Керуен» шаруа қожалығының төрағасы Бекберген Телеубаевты, «Пионер» өндірістік кооперативінің зоотехнигі Бақытжан Сейдахметовті Қазақстан Фермерлер қауымдастығы Жамбыл облысы филиалының Құрмет грамотасымен марапаттады.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылы аудан бойынша 49,336 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 126,9 пайызға артып отыр. Оның ішінде, мал шаруашылығы бойынша 13,597 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 111,1 пайызға, егін шаруашылығы бойынша 35,593 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 134,1 пайызға артты.

Өткен жылмен салыстырғанда майлы дақылдар көлемі – 422,8 гектарға, бақша дақылдары – 4 гектарға, мал азығы дақылдары – 230,9 гектарға, дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 754,5 гектарға, қант қызылшасы – 19 гектарға, картоп – 23,5 гектарға, көкөніс дақылдары 884 гектарға өскен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.