Өңірдің инвестициялық өсімі жоғары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қолайлы іскерлік ортаны, бизнеске тиімді қолдау көрсетуді және бәсекелестікті қорғауды қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің бизнес-дағдысы мен құзыретін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударып, Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Бұл бағыттағы игіліктерді жүзеге асыру үшін кәсіпкерлер жердің құрылымынан бастап ауа райының қолайлылығына дейін баса мән беретіні сөзсіз. Ал, Тараз қаласын қоршай жатқан Жамбыл ауданының географилық орналасуы инвесторларды тарту, кәсіпкерлікті дамыту бойынша әлеуеті жоғары өңірлердің бірі болып саналады. Аудан аумағында бірқатар ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды іске асыру көзделуде. Ауданның негізгі даму бағыты ауыл шаруашылығы саласы екенін және Тараз қаласына жақын орналасқандығын ескере отырып жобалардың басым бөлігі егін және мал шаруашылығына бағытталып отыр. 8 жоба жүзеге асырылса, 300 жаңа жұмыс орны ашылмақ 2020-2024 жылдар аралығында өңірде жалпы сомасы 35 млрд теңгеге 8 жоба жүзеге асырылып, алдағы уақытта жаңадан тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Қысқаша тоқталып өтер болсақ, «Жамбыл Ет МS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Полатқосшы ауылдық округі аумағынан 1500 бас ірі қара малын бордақылау алаңын салуға 1,5 млрд теңге, Аса ауылдық округі аумағынан «Алель Агро» ЖШС жылына 2,5 мың тонна сапалы құс етін өндіретін фабриканың құрылысына 2,5 млрд теңге жұмсамақ. Ауданда 4500-ге жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс жасайды. Бүгінде бұл құрылымдарда 7100 азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, соңғы үш жылда ауданға 78 млрд тенге көлемінде инвестиция тартылған. «Аса Агро» ЖШС ет бағытындағы құс фабрикасын іске қосу үшін 8 млрд теңгені жұмсағалы отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталса, тәулігіне 2 тонна, жылына 21 мың тонна бройлер етін сатылымға шығармақ. Жылдық қуаттылығының артуына байланысты жаңа фабрикалар еңсе тіктемек. Айшабибі ауылдық округі аумағынан «Родина» ЖШС 300 гектарға 150 МВТ күн сәулелі электр станциясын салуға 16,8 млрд теңге, Ақбастау ауылдық округінен «КазФос» ЖШС жылына 8 мың тонна натрий гексаметофосфотын өндіретін желінің ауқымын кеңейту үшін 2 млрд теңге қаражат қарастыруда. «АCA DAMU» ЖШС құс фабрикасының 4-корпусына 200 млн теңге бөліп, қараша айында іске қосады. Қаракемер ауылы маңынан «Данвер-Т» ЖШС 120 гектарға жылыжай кешенінің құрылысын салуға 2,5 млрд теңге бөлмек. Ал, «Супер Фарм» ЖШС екпеге арналған шприцтер шығаратын зауыттың үшінші корпусының құрылысына 1,5 млрд теңге жұмсап, жұмысты өз мәресіне жеткізген. Егер жоғарыда аталған жұмыстар белгіленген уақыт аралығында аяқталар болса, өңірде 300 жаңа жұмыс орны ашылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.