Шардараға 690 мың шабақ жөнелтілді

Гродеково ауылындағы тәлімбалықтарды өсіретін «Сандель» шаруа қожалығының дәумаңдай, тұқы балығына сұраныс өте жоғары.

Жуырда ғана Дильмурат Хусаин-Ахунов төрағалық ететін шаруашылық Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзеніне 540 мың тұқы тұқымдас шабақты жөнелткеніне куә болсақ, өткен аптада сандельдіктер Түркістан облысындағы Шардара су қоймасына 690 мың шабақ жіберді. Негізі, шаруашылық жылына екі рет республикадағы су айдындарына шабақ жөнелтеді. Ал тапсырыс берушілер қожалықтың тірлігі тиянақты екенін жақсы біледі.
– Мемлекетіміз балық шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып отырған сандельдіктердің жұмысын ерекше атап өтуге болады.

Биыл осы шаруашылықпен жұмыс жасап жатқанымызға екінші жыл. Шабақтары су айдындарына тез бейімделеді. Бүгін қожалықтан 500 мың тұқы, 190 мың дәумаңдай шабағын тапсырыспен алдық. Бұйыртса, шабақтарды ертең Шардара су қоймасына жібереміз, – дейді Арал-Сырдария облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының Түркістан облысы бойынша бөлімінің басшысы Шәкен Боранбай.
Сандельдіктер мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасайды. Олар өз істеріне әбден машықтанған.
Біз шаруашылық жетекшісі Дильмурат Хусаин-Ахуновты сөзге тартқанымызда:
– Шаруашылығымда 18 адам жұмыс істейді. Айлық табыстары көңіл көншітерлік. Уақтылы беріліп тұрады. Жылына мұнда 3 миллионға жуық шабақ өсіріледі. Әуелі еліміздегі, содан соң облысымыздағы су айдындарына жөнелтеміз, – дейді ол.
Ал жұмыстың аяқ алысы мен шаруаның жайын бес саусағындай меңгерген шаруашылықтың ихтиологы Нұрлан Молдабеков шабақтарды күтіп-баптау, жемшөп шашу, бассейндегі суды ауыстыру және шабақтарды жөнелту жұмыстарын тап-тұйнақ орындайды. «Нұрекең – өз ісінің маманы», – дейді қасындағы әріптестері.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.