Ауданда спорт саласы серпінді даму үстінде

Бүгінде елімізде бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстан тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да бұл салаға айрықша басымдық берілді.

Қазіргі таңда Жамбыл ауданында да бұл бағытта нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Сол қатарда Сарысу ауданында да тындырымды тірліктер тіктелуде. Аталмыш аймақта спорт саласы жылдан жылға қарқынды даму үстінде. Таяуда Аса ауылындағы бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығында аудан әкімінің ұйытқы болуымен, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен дзюдодан Қазақстан Республикасының спорт шеберлері арасында тұңғыш рет ашық республикалық турнир өтті. Оған Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан жалпы саны 200-ге жуық ардагер балуан қатысып, жас аралығына байланысты 49 салмақ бойынша жүлделі орындарды сарапқа салды

Шымылдығы мемлекеттік Әнұранмен түрілген турнирдің ашылу салтанатына арнайы келген аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы қаз-қатар сап түзеген балуандарға сәттілік тіледі. – Ауданымызда дзюдодан ашық турнирдің өткізілуі жергілікті жастар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына, дене тәрбиесіне көңіл бөлуіне, салауатты өмір салтын ұстануына септігін тигізеді. Іздеріңізден ерген жамбылдық балуандар облыстық, республикалық жарыстарда атой салып, биік белестерді бағындыруда. Әлемдік жарыстарда жүлде алып жатқан жайымыз бар. Спорт – бейбітшілік елшісі.  Біз сіздермен мақтанамыз. Барлығыңызғасәттілік тілеймін. Жеңіс жолдас болсын, – деді. Өңір басшысының сөзін жалғаған облыстық ардагер спортшылардың жаттықтырушысы Марат Қойшыбек, турнирдің бас төрешісі Данияр Айтымбетов бозкілем шеберлерін жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысуына үндеп, бекітілген ережелерді тілге тиек етті. Үш күнге созылған айтулы жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломмен, медальдармен және кубоктармен марапатталды. Жалпыкомандалық есепте Шымкент қаласы бірінші орынды, Қарағанды облысы екінші орынды, Жамбыл облысы үшінші орынды иемденді. Дүбірлі додада ауданның намысын қорғаған балуандар Ерғали Қазбеков, Нұржан Қазбеков, Берік Тұрғанов, Самат Қосаев, Танат Саданов өз салмақ дәрежелерінде топ жарып, алтыннан алқа тағынса, Ғабыш Хабибуллаев, Әлімжан Саурықов екінші орынды, Нұрзат Әлтеев, Зұлқарнай Өзбеков, Қанат Күзембаев, Ғани Алдабергенов, Ғазиз Нәкіпбаев, Талғат Саурықов, Ыдырыс Нұрбаев үшінші орынды иеленді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.