Аудан оқушылары Түркістаннан үлкен әсермен оралды

Егеменді ел болып, тәуелсіздік туын биік көтерген қазақ елінің бүгінгі таңдағы алдына қойған мақсаты — дамыған өркениетті ел қатарына қосылу. Бұл мақсатқа жетудің бір жолы — қай сала болса да барынша еңбек етіп, қазақтың материалдық, рухани байлықтарын әлемге танытуға әрекет жасау.
Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа терең біліммен бірге өзінің атақонысының табиғатын, өзен, көлін, тауы мен сахарасын танып білуде туризмнің атқарар рөлі ерекше. Табиғат – ананы жақсы білген баланың бойында еліне, жеріне деген сүйіспеншілік молынан қалыптасып, отаншылдық рухы жоғары болады.
Түбі бір түркі жұрты үшін жұмыр жер бетінде қастерлі қос мекен бар. Бірі – Алтай, екіншісі – Түркістан. Түркістан – түркі жұртының бірыңғай дүниетанымын, ділі мен дінін қалыптастырған рухани астана. Тұтас ұлттың бірегей болмысын айқындап берген Түркістан – тарлан тарихымен қатар, теңдесі жоқ текті мұраларымен де дараланған өзгеше өңір. Түркістан облыс орталығы болғалы сәні мен сәулеті келіскен ғимараттар мен әлеуметтік нысандар, демалыс орындары бой көтеріп, көркейіп келеді. Бүгінде көне шаһарға елімізден және алыс-жақын шет мемлекеттерден саяхаттап келушілердің қарасы қалыңдай түскен. Олар Арыстан баб және Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне зиярат жасап, бабалар рухына тағзым етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды балаларға арнады. Осыған орай ауданда балалардың қатысуымен тағылымы мол іс-шаралар өтуде. Ал, күні кеше аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары мен озат оқушылардың Түркістан қаласына саяхаттап келгенінің жөні тіптен бөлек.
Оларды таң қылаң бере ұстаздары мен ата-аналары сәт-сапар тілеп шығарып салды. Сапарға шыққан оқушыларды білім бөлімінің әдіскері Жанат Телеуова бастап барды. Оқушылар әуелі Арыстан баб кесенесіне, одан кейін Түркістан қаласына табан тіреді.
– Оқушыларға Түркістанның тарихи жерлерін көрсетіп, олардың бойында отансүйгіштік сезімді нығайтуды мақсат еттік. Ел мен жер тануға саяхат жасау жиі жалғасып жатса, балалар туған жерімен мақтанып өседі», – деді Жанат Тешебайқызы.
Қасиетті Түркістан қаласының тарихымен танысқан оқушылар жаңадан бой көтерген қалашықты қызықтады. Тарих пен әдебиеттен оқығандарын көзбен көрген жасөспірімдер осындай мүмкіндік сыйлаған ұстаздарына ризашылығын білдірді.
Түркістан өңірінің тарихымен терең танысқан астаналық оқушылар, тұрғындарының қонақжайлылығына риза болып, қызғалдағына қызықты. Тарих пен әдебиеттен оқығандарын көзбен көрді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.