Ауыл дегенде көз алдыңа қым-қуыт тіршілік, қысы жазы қайнаған қарекет, бұлттарға жалғасқан көк түтін, желмен жарысып, туған жердің төсіне еркелей аунаған қара домалақ балалар, құрт жасап, қымыз сапырған әжелер мен күншуақтап отырған қариялар келеді. Ауыл – қазақтың алтын бесігі, түп төркіні. Іргелі еліміздің шаңырағы көтерілгелі халықпен бірге жасасып келе жатқан салт дәстүр, өнер мен мәдениетіміз, рухани құндылықтарымыздың күретамыры осы ауылда. Қазақ ха лқының өмірі, өзіне тән ғұрпы мен тіршілігінің үзілмес сабақтастығы – ауыз әдебиеті, өнері, ән мен күйі, құмай тазысы, қыран бүркіті, жүйрік аты, киіз үйі. «Ауылым – алтын бесігім!» атты дәстүрлі өнер фестивалінің осы құндылықтарды ұлықтауға қосар үлесі зор. Ауылда тұрып, топырағына табаны тиіп, қуат алған, ауылдан ұзаса түтініне дейін аңсайтын жұртшылық бұл өнер мерекесіне барын салады. Таяуда М.Төлебаев атындағы өнер мектебінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Аса ауылдық округі ұйытқы болған мерекелік кеш өтті. Мұнда қарға тамырлы қазақпен бірге жасасып, біте қайнасқан дәстүрдің, ұлттық құндылықтың бәрі болды. Ою өрнекпен көмкерілген ұлттық киім киген ақ жаулықты әжелер, зерлі шапандағы ақсақалды қариялар, ат мініп, тазы ерткен жас жігіттер, бауырсақ таратқан жаулықтары желбіреген келіндер, арқан тартысып, тоғызқұмалақ ойнап, қазақша күрес, шекемтас, асық ату сынды халқымыздың ұлттық ойындарын ойнап, мәре-сәре күйге енген қыз-балалар шараның шырайын кіргізді. Аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Байдалиев, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жансая Оспанова, аудандық мәдениет үйінің директоры Индира Тоғанбаева мен аудандық тарихи өлкетану музейінің директоры Асқар Сырлыбаев баст аған топ Рахат ауылы тіккен сегіз қанат ақ боз үйге бас сұғып, салтымызға сай шараны округ ақсақалдарының ақ батасымен бастады. Жиналған жұртшылық қолөнер көрмесі, Аса және Рахат ауылы балаларының тартысқа толы ұлттық ойындарының куәсі болды. Өнер мерекесі құлақтан кіріп бойды алған жақсы ән мен тәтті күй, сахналық қойылым мен биге ұласты. Ұлттық құндылықтарымызды қадірлейтін, оларды ұрпаққа саф таза күйінде мирас қылып қалдыру үшін қолдан келгенін жасайтын, өз ауылының беделі жолында барын салатын ел барда ауданымыз берекелі де мерекелі құтты мекенге айналары сөзсіз. Ауыл атын асқақтататын, халқымыздың қанына сіңген ғұрпы мен атадан қалған өнерін насихаттайтын «Ауылым – алтын бесігім!» фестивалі сынды өнер мерекелерінің берері көп.