Ауылды әнге бөлеген фестифаль

Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі. Бүгінгі жаһандануға бет бұрған әлемде біз төл руханиятымызды дамытып, ауылды сақтау ел мен жерді сақтаудың атабабаларымыз көрсеткен дана жолы деп қабылдауымыз керек.
Қаракемер ауылдық клубында Қаракемер және Ақбастау ауылдық округтерінің бірлесе ұйымдастыруымен «Ауылым – алтын бесігім!» атты өнер фестивалі өтті. Әуелі айтулы шараға жиналған жергілікті тұрғындар клубтың кіреберісінде орналастырылған қолөнер шеберлерінің, сондай-ақ кітап және сурет көрмелеріне зер салды. Ауылдың ақ жаулықты әжелері халық әндерін жанды дауыспен айтып, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Байдалиев бастап келген қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм таттырды. Қаракемер ауылының қариясы Ақатай Балқыбеков көпшілікке жылы лебізін жеткізіп, ақ батасын берді.
Безендірілген сахнада екі ауылдық округтің өнерпаздары бірлесіп өнер көрсетті. Атап айтсақ, Гүлжамал Ақылбек «Күл» әнін, Нұрболат Мәлісов «Ауылға сағыныш» әнін, Ақбота Телепиева «Қазағым» әнін, Ақбота Байғонова «Ананың қадірін біл» әнін, Ақжол Сейдіғалиев «Ауылға барам», Қаншакүл Әлиева «Әриайдай» әнін, Мұрат Спандияр мен Фая Естаева «Жүгіріп шықтым белеске» әнін орындаса, «Айгөлек» би тобы қазақ биін биледі. Төле би атындағы орта мектептің қызметкерлері бүгінде ұмыт болып бара жатқан «Есік ашу» салт-дәстүрін сахналады. Өнерпаздардың өнеріне тәнті болған көпшілік шынайы ықыласпен қошеметтеп отырды. Өнерпаздар патриоттық сарындағы әуезді әнімен, түрлі ұлттың биімен, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрыптарын көрініс арқылы дәріптеуімен қарасы қалың болған жергілікті жұртшылықтың қошеметіне бөленді.
Соңынан сөз сөйлеген Қаракемер ауылдық округінің әкімі Жәнібек Әуелбаев пен Ақбастау ауылдық округінің әкімі Нұрсұлу Дүзеева шараны ұйымдастырған әрі басы-қасында жүрген мәдени ұйымдастырушыларға, біркісідей атсалысқан өнерпаздарға, үн қосқан өзге де қатысушыларға көпшіліктің алдында алғысын айтып, ризашылықтарын білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.