Қауіпсіздік шараларын сақтаған абзал

Теміржол қауіпті аймақ болып саналады. Себебі, мыңдаған тонна жүк тиеп алып келе жатқан пойыз адамдарға қауіп төндіруі мүмкін. Ең басты қиындық – адамдардың немқұрайлылығында, балаларға деген жауапкершіліктің аздығында. Ата-ананың бақылауын сезінбеген кейбір балалар теміржолдағы вагондардың астынан өтіп, оның үстіне мінгенді қызық көреді. Өкінішке қарай, қауіпсіздікке мән бермейді, салғырт қарайды. Бұл өз кезегінде қайғылы жағдайларға душар ететінін айтпасақ та түсінікті. Негізінен, адамдардың теміржолда жарақаттануына олардың қауіпсіздік ережелерін білмеуі, сақтамауы, асығыс жүруі, балалардың сол маңға барып, ойын ойнауы себеп. Жүріп келе жатқан пойыздың қажет кезінде дереу тоқтауы мүмкін емес. Бір қарағанда тұрған вагондар қауіп төндірмейтіндей көрінеді. Бірақ қозғалыссыз тұрған вагонға жақындауға, астынан өтуге болмайды. Өйткені стансада тұрған әрбір вагон жұмыс үстінде тұр деп есептеледі, кез келген сәтте қозғалысқа келуі мүмкін. Сондықтан да теміржолдан өзіңе ыңғайлы жерден өту қауіпті. Жарақаттануды болдырмау үшін арнайы белгіленген орындар арқылы ғана өту керек.
Азаматтардың пойыздардың қозғалыс аймағында қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы, бұл өлімге әкелетін басты себеп. Адамдар темір жолды кесіп өткенде, алкогольді ішімдік ішкен мас күйінде, телефонмен сөйлескенде немесу құлаққаппен жүргенде пойыздың шуымен машинистің сигналын естімейді. Адам басу, мал басу жағдайлары «КТЖ»-ға шығындар келтіреді, локомотив бұзылады, жолаушылар мен жүк пойыздарының жүру кестесі үзіледі.
Жуырда Меркі ауданы Қарасу ауылындағы теміржол өткелінде жолаушылар пойызы Audi автокөлігімен соқтығысып, апат салдарынан көліктегі 6 адамның қаза тапқаны көптің есінде. Кейіннен көлік жүргізушісі тыйым салынған белгіні елемей, жол ережесін өрескел бұзғаны, осы әрекеті жол апатына себеп болғаны белгілі болды. Осы орайда жолдарды кесіп өтпес бұрын автокөлік жүргізушілері жолдардың белгі беру құралдарының нұсқауларын мүлтіксіз сақтауы және жақындап келе жатқан теміржол құрамының жоқтығына көз жеткізуге тиіс екендігін айта кеткен жөн. Оқыс оқиғаны назарға алған Аса теміржол стансасының бастығы Нұрлан Қазбеков теміржол бойындағы қауіптің алдын алу мақсатында жасөспірімдердің қатысуымен «Теміржол – қауіпті аймақ» атты профилактикалық іс-шара ұйымдастырды. Оның орынбасары Нұрсұлтан Тұрсынбаев жасөспірімдерге теміржол бойындағы қауіпсіздік ережелерін, жолдан қай кезде, қалай өту керектігін жете түсіндірді. Балаларға темір жолдан арнайы белгіленген жерден өту, өтерде қауіпсіздік ережелерін сақтау, асықпау, жан-жаққа қарау, барынша абай болу керек екенін айтып, жадынама парақтарын таратты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.