Жол жағдайы – ерте заманнан маңыздылығын жоғалтпай келе жатқан мәселенің бірі. Ата-бабалар жылқы мен түйе малын тізгіндеп алыс елдермен сауда-саттық, дипломатиялық байланыс орнатқан болса, бүгінгінің олардан айырмашылығы көлігінде ғана. Нақтырақ айтсақ, жол қатынасы ел экономикасын дамытуға, жолаушылар тасымалын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытып, жүк тасымалын ұлғайтуға, сондай-ақ халықаралық, елішілік қатынастың артуына айрықша әсер етеді.
«Жол қадірін жүрген біледі» деген мақал да оның машақатын түсінгендер тарапынан айтылса керек. Ал мұндай олқылықты болдырмау – бүгінгі заманның талабы.
Ауданымызда көпшіліктің талап-тілегі ескеріліп, ауыл-аймақта бауын тапса, байламын таппай жүрген мәселелер өз шешімін табуда. Жыл басында аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының Қаракемер ауылдық округі тұрғындарымен өткен есеп беру кездесуінде Құмтиын ауылының тұрғыны Марат Оспанов Т.Мұсабеков пен Ә. Батырұлы көшелері талай жылдан бері күрделі жөндеу көрмегенін айтқан болатын. Сол сәтте Ерлан Қыдыралыұлы тұрғындардың өтініші орынды екенін, жыл соңына дейін жол жабындысын төсеуге ықпал ететінін алға тартқан еді.
Сөзден – іске келер болсақ, ұзындығы 2058 метрді құрайтын екі көшені асфальттауға аудандық бюджеттен 32 млн теңге бөлініп, «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыстарды сапалы әрі уақытында аяқтады. Ауыл азаматтары тұрғындардың өтінішін орындаған аудан және ауыл әкімдеріне алғыстарын білдіруде. Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуна лдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Үсенбаевтың айтуынша, өңірде автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 321,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жол – 72 шақырым, облыстық мәндегі жол – 85,7 шақырым. Ал аудандық маңызы бар 35 жолдың ұзындығы 163,9 шақырым болса, елді мекендердегі 518 көшенің ұзындығы 398 шақырымды құрайды. Бүгінде оның 176 шақырымына асфальт, 239 шақырымына шағал төселген. Ағымдағы жылы аудандық мәндегі 5 жолға, атап айтсақ, Бесағаш-Юбилейный, Ерназар-Қойгелді, Шайдана-Сеңгірбай, Тоғызтарау-Жаңаөткел және Құмсуат ауылына кіреберіс жолдары 179,8 млн теңгеге жөндеуден өтті. Сондай-ақ 13 ауылдық округтің 37 ауылішілік көшесін (ұзындығы 36,8 шақырым) жөндеуге 779,6 млн теңге бөлініп, жұмыстар толығымен аяқталды. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 306,9 млн теңгеге 2 ауылдың жалпы ұзындығы 11,3 шақырымды құрайтын 7 ауылішілік көшесі тақтайдай тегістелді.
Next Post