Жолдағы қауіпсіздік – ұдайы назарда

«Ай жүрсең де аман жүр» дейтұғын сөздің астарында ақ тілек, бата тұр. Діттеген жерге жетуді жолдың мұраты десек, барар жеріне жетпей жолда үзілген қаншама тағдырлар бізді неге ойландырмай келеді? Ажалы темірден келген тағдырлардың артында айықпас жара қалып жатыр.
Биыл ауданда орын алған жол-көлік оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда 56 пайызға артқан. Ағымдағы жылдың 11 айында аудан аумағында 26 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 26 азамат түрлі дене жарақатын алған. 14 азамат қаза болған. Жантүршігерлік деректің артуына, жол апаты санының өсуіне кім кінәлі? Жауапсыз жүргізуші ме әлде жолдағы қауіпсіздікті тиісті деңгейде қадағаламай отырған жол-патрульдік полициясы ма? Сауал көп, нақты жауап жоқ.
Бұл мәселе аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының назарынан тыс қалған емес. Өңір басшысы жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен тығыз байланыс орнатқан. Дегенмен, бұл мәселені шешу тек тәртіп сақшыларының ғана міндеті емес, темір тұлпарды тізгіндеген жүргізушілер де жауапкершілік танытуы қажет.
Былтыр және биылғы жылдың 10 айында тіркелген жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі Аса-Тараз бағытындағы тас жолда орын алған.
Осыны қаперге алған аудандық полиция бөлімінің жол-патрульдік полиция инспекторлары арнайы шаралар өткізіп жатыр. Аудан көлемінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу, оларды болдырмау мақсатында жыл басынан бері 25 жедел-профилактикалық іс-шара мен 15 рейд ұйымдастырылды.
Сонымен қатар аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері мен аудандық полиция бөлімінің жол-патрульдік полиция инспекторлары, «Жастар ресурстық орталығы» мамандары жол апатт арының алдын алу мақсатында арнайы акциялар ұйымдастырып, мәселенің мән-жайын жүргізушілерге түсіндіруде. Жуырда аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Орынбасар Жапаров пен полиция аға лейтенанты Сұлтан Байсейт Аса-Тараз бағытындағы тас жол мен мал базар маңында, аудандық емхананың және Аса ауылындағы такси тұрақтарында жүргізушілерге апаттың алдын алу, ережені сақтау, жылдамдықты шамадан тыс асырмау керектігін ескертті. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы айтқандай, темір тұлпар тізгіндегендердің барлығы жол жүру ережесін қатаң сақтаса, жан түршігерлік жол апаттары орын алмас еді. Аудандағы тәртіп пен қауіпсіздік үшін баршамыз жауапты екенімізді естен шығармайық. Бір адамның жауапсыздығы өзгенің өмірін жалмайтынын ұмытпайық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.