Денсаулық саласына баса назар аударылған

Ауылдық жерлердегі тұрғындарды сапалы медицинамен қамтамасыз ету қашанда маңызды. Осы мақсатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы әзірленді. Жоба фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу арқылы ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, заманауи медициналық жабдықтармен жарақталған көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру және ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медицина кадрларымен жасақтау сынды 3 міндетті қамтиды.
Бүгінде аудандық орталық ауруханаға қарасты 35 мекеме бар. Оның ішінде 1 аурухана, 1 емхана, 1 бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығы, 14 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік- акушерлік пункт, 15 медициналық пункт бар. Медициналық ұйымдардың техникамен жарақтандырылу деңгейі осы жылдың 9 айында аудандық орталық ауруханасы бойынша 92,13 пайызды құраса, облыстық көрсеткіш 88,4 пайызға жетті. Қазіргі таңда ХТТ (РПН) порталында барлығы 70001 тұрғын тіркелген. Ал кадрлық құрамға келер болсақ, өткен жылдың 9 айында 95 дәрігер жұмыс істесе, биылғы есепті мерзімде 98 дәрігер еңбек етуде. Сондай-ақ жалпы саны 920 адам қызмет етуде.
Аудандық орталық аурухананың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуіне 508 миллион 121 мың теңгеге дәрілік тауар бөлініп, 9 айда оның 378 миллион 681 мың теңгесі игерілген.
Өңірде өлім-жітім көрсеткіші де төмендеп келеді. Айталық, былтырғы жылдың 9 айында 1000 адамға шаққанда 324, яғни 4,1 пайызды құраса, биыл 245 адам немесе 3,5 пайызға азайды. Ауданда есепті мерзімде ана өлімі тіркелмеген. Алайда 7 сәби өлімі орын алып, 5,6 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 сәбиге аз.
2022 жылдың 9 айында алғашқы рет онкологиялық аурулармен 70 жағдай тіркеліп, қатерлі ісіктермен аурушаңдық (100 мың адамға шаққанда) көрсеткіші 82,3 промильге жетті. Өткен жылдың 9 айында 84 жағдай тіркеліп, көрсеткіш 92,5 промилль болған еді. Сонымен қатар ауру алғашқы рет анықталғандардың ішінен 1-2 сатысында 38 науқас тіркеліп, үлесі 55 пайызды құрады. Ал 4-сатысында, яғни кеш анықталған науқастар саны – 3.
Туберкулез дертімен де күрес күшеюде. Соның нәтижесінде 9 айда осы кеселмен алғаш рет тіркелген науқастар 18-ді, аурушаңдық көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 21,5-ті құрады. Бір қуанарлығы, есепті мерзімде бірде-бір өлім дерегі тіркелмеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.