Спорттың қоғамда алар орны ерекше. Себебі, спорт – ұлт мерейі, денсаулықтың, рухтың күштілігі. Тәуелсіздік алғаннан бері Көк байрағымыз көптеген халықаралық жарыста биікке көтерілді. Бұл – спортшылар мен бапкерлердің, спорт саласында еңбек етіп жүрген мамандардың маңдай терінің жемісі. Сондықтан дене шынықтырумен шұғылданатын азаматтарға жағдай жасалып жатыр. Ауданымыздың спортсүйер тұрғындары үшін де жағымды жаңалықтар көп болмақ.
Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Осы қағиданы мықты ұстану нәтижесінде соңғы жылдары өзге салалармен қоса спорт саласына да үлкен бетбұрыс жасалып, көптеген спорт кешендері бой көтеруде.
Жуырда аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы мен орынбасары Нұрлан Несіпбеков өңірде құрылысы жүріп жатқан әмбебап спорт кешендерін аралады. Әуелі олар Айшабибі ауылына кіреберісте бой көтеріп жатқан дене шынықтыру- сауықтыру кешенін көрді.
Спорт кешенін салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге жергілікті бюджеттен 4 млн теңге қаржы бөлінген. Құрылыс-монтаж жұмыстарына 326 млн теңге қаралған нысанға ашық конкурс жарияланып, нәтижесінде «Астана энерго мастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер болып анықталды. Құрылыс жыл басында басталып, іргетасы қаланып, темір қаңқалары жапсырылған. Нысан 2023 жылға өтпелі. Мердігер бүгінде 110 млн теңгені игеріп үлгерген. Өңір басшысы құрылыс сапасына баса назар аударылатынын мердігер өкіліне ескертті. Мұнан соң Ерлан Қыдыралыұлы қаракемерлік жастардың өтініші бойынша салынып жатқан жергілікті білім ордасы маңындағы спорт кешенінің құрылысына барды. Аудан әкімдігі қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Дамир Жаманбаевтың айтуынша, бұл мақсатқа 241 млн теңге қаралып, «ЕрНурЖан Құрылыс-2010» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысқа жауапты мердігер атанған. Бүгінде іргетасы қаланған нысан келесі жылы пайдалануға берілмек. Сондай-ақ аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы Өрнек ауылындағы спорт кешеніне де ат басын бұрды. Мұндағы құрылысқа 330 млн теңге бөлінген. Жастардың спорт пен дене шынықтыруға деген қызығушылығын арттыру мақсатында бой көтеріп жатқан нысанды «Авторемстрой ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Мердігер өкілімен кездескен аудан басшысы құрылыс сапасы жеке бақылауында болатынын жеткізді. Бұдан бөлек, Гродеково ауылындағы спорт кешеніне 325 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарына жауапты «Жаңа-Кемер Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, Сұлутөр ауылында әмбебап спорт кешешін салуға 323 млн теңге қаралып, мердігер «Ай-Дин Тараз құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып анықталған. Өңіріміздегі 5 спорт кешенінің құрылысы биыл басталғанымен, ел игілігіне келесі жылы беріледі.