«Бір терезе» қағидаты дегеніміз – мемлекеттік қызметті алушының құжаттарды жинау мен дайындауға барынша аз қатысуы және уақытын аз жұмсауы. Сондай-ақ, бұл принцип қызмет көрсетушілермен тікелей байланысты жойып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді. Бұған қоса, аталған жүйе бір орталықтан бірнеше қызмет түрін алуға, халыққа жайлы қызмет ұсынуға бағытталған.
Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, 1999 жылы ең алғаш рет «бір терезе» қағидатын Канада мемлекеті мемлекеттік басқару жүйесінде қолданған болатын. Ол «Service Canada» және «Government On Line» деген бастамалардан көрініс тапты. Артынша ондағы ауылдық елді мекендерде «Service New Brunswick» және «ServiceOntario» атты атаулармен қанатын кеңге жая түсті. Мұндай принциптің аталған орталықтарда кеңінен қолданылуының нәтижесінде тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасы жақсарып, экономикалық тұрғыдан өз тиімділігін көрсетті. Канада халқы «бір терезе» принципінің қызметін Интернет немесе телефон арқылы пайдалануда.
Ал, Бразилиядағы «бір терезе» принципі 90-шы жылдары мемлекеттік қызмет көрсету саласында қолданысқа енді. Араға 5-10 жыл салып өңірдегі барлық аймақтар осы жүйеге толықтай көше бастады. Ал, оның кемеліне жетіп, қарқынды жүргізілген кезі 2000 жылдардың басы болатын. Сол уақыттарда аймақтағы стационарлық орталықтар мен қызмет көрсету мекемелері «бір терезе» қағидатына көшкендігінің нәтижесінде бір орталықта 400 түрлі қызмет көрсетілетін болған. Бұл жағдайға тұрғындардың 95 пайызы өз ризашылықтарын білдіріпті. Өйткені бұрын жергілікті тұрғындар бір құжат үшін бірнеше жерге барып уақыттары мен қаржыларын көбірек жұмсайтын. Бастысы – «бір терезе» принципінің арқасында мемлекеттік қызмет жақсарып, халыққа сапалы әрі жедел қызмет көрсетілген екен. Ал, бұл принциптің оңтайлы болуының себебі – ақпараттық технологиялар мен цифрлық қосымшаларды қолданғандығынан еді. Осындай сәтті жүйе өз кезегінде Латын Америкасы мен Африка елдерінің қызығушылығын тудырған болатын.
2005 жылдың 24 мамырында ҚР Үкіметінің №501 қаулысына бойынша «Астана және Алматы қалаларында «бір терезе» принципі бойынша халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуге» байланысты тәртіптер жинағы жасақталған болатын. Осыған сәйкес, аталған жүйе халыққа қызмет көрсету орталықтарында жер ресурстарын басқару, заңды органдармен байланыс, ақпараттандыру және байланыс және салық секілді салалар бойынша мемлекеттік қызмет көрсетіп, функцияландырды.
Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, бүгінде еліміздегі ХҚКО-ларда 746 мемлекеттік қызмет түрі болса, соның 75 пайызы «бір терезе» принципі арқылы жүзеге асады екен. Десе де, жуырда бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Айта кету керек, «бір терезе» қағидаты еліміздегі басқа да мемлекеттік қызметтерде қолданылып жатыр. Мәселен, кеден ісіне «бір терезе» принципін енгізу онлайн желісінің одан әрі қолжетімді болуына мүмкіндік жасап, импорт және экспорт жолдарының тиімді әрі жеңіл болуына, кедендік сүзгіден ешбір қағазсыз өтуіне септігін тигізуде.
Халыққа сапалы қызмет көрсетудегі ұтымды технологиялардың бірі – «бір терезе» қағидаты. Оның басты артықшылығы – тұрғындардың уақытын үнемдеуі, қызмет көрсетуді жеңілдетуі және әкімшілік кедергілерді жоюында болып отыр.
Іңкар Сүлеймен, аудандық ХҚКО жетекші маманы