Таразда «Анаға тағзым» орталығы ашылды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Таразда «Анаға тағзым» орталығы ашылды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен, «Таразға тарту» жобасы аясында бой көтерген орталықтың алдына ақжаулықты аналардың құрметіне еңселі ескерткіш орнатылған.

Салтанатты шараға ел анасына айналған танымал тұлғалар, белгілі азаматтарды өмірге алып келген ақжаулықтылар, спорт пен өнердегі нәзік жандылар, кәсіпкер әйелдер мен қоғам белсенділері қатысты.

Аймақ басшысы өткеннің өнегесін бүгінгі жас буынның бойына сіңіру керектігін айтып, орталықтың алдағы уақытта атқаратын жұмысына тоқталды.

— Қандай заманда да абзал аналарымыз халықпен бірге, ерлеріне сүйеніш, еліне тірек бола білген. Айша-бибі, Қыз Жібек, берісі Мәншүік, Әлия секілді көптеген нәзік жандыларымыз ел өмірінде ойып тұрып орын алады. Небір қиын-қыстау кезеңдерде аналарымыз тек отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, ауырлықты еңсеруге белсене араласты.

Бабаларымыздан қалған «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді» деген  асыл сөз бар.

Ана мен баланы қолдау, отбасылық құндылықтарды нығайту және дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Осы орайда пайдалануға беріліп отырған «Анаға тағзым» орталығы бір жағынан сұлулық пен ізгіліктің бейнесі, екінші жағынан тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болар Қазақтың анасы деген атқа лайық, XXI ғасыр әйелінің қалыптасуына ықпал етеді деп ойлаймын.

Бұл жер әйел-аналарымыз мен қыз-келіншектеріміз үшін ұлтымыздың құндылықтарын дәріптей отырып, қазіргі заманның талабына сай қасиеттерді бойына сіңіретін басқосу алаңы болады деп есептеймін. Осындай нысан салып берген «АрайСтройМаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Арман Еділбаевқа бүкіл жерлестердің атынан үлкен алғысымды білдіремін,- деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы көпбалалы, аз қамтылған аналардың мәселелеріне құлақ түріп, оларды шешу жолындағы орталықтың атқарар қызметіне тоқталды. Ұсыныс, ой-пікірлер де барынша ескерілмек. Қажет болған жағдайда, жергілікті атқарушы орган өкілдері осында шақыртылып,  қабылдаулар мен кездесулер өткізіледі.

ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құнанбай» фильмінде Абайдай кемеңгердің асыл әжесі – Зеренің рөлін сомдаған Нұрсифат Салықова  ақылман, данагөй ұлы аналардың ізгі жолын дәріптей отырып, жас ұрпаққа оның ішінде қыз балаларға рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие беруді мақсат еткен орталық жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

— Орталықтың қызметі өткеннің өнегесін, тарихи-тағылымын жаңа заманның талабымен сабақтастырып, бүгінгі қазақ әйелінің озық образын қалыптастыруға бағытталып отырғаны қуантады. Ақылман аналардың тектілігін бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп, бойыңа сіңіру жолындағы жұмыстар өз жемісін береді деп сенемін,-деді ардагер.

Көпбалалы ана Сапура Ержанова аналарға айрықша көңіл бөліп отырған мемлекет, облыс басшылығына деген ризашылығын жеткізді.

Бұдан соң қонақтарға ғимараттың құрылымы таныстырылып, қазақы дәстүрмен тұсау кесер рәсімі өтті.

«АрайСтройМаркет» ЖШС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында сыйға тартқан үш қабатты ғимараттың барлық залы, дәлізі ұлттық нақышта безендірілген. Мұнда жас және көп балалы аналар үшін түрлі курстар ұйымдастырылып, психологиялық және құқықтық тұрғыдан жан жақты қолдаулар көрсетіледі.

Орталықтағы «Мирас» экспозициялық залында ұлттық салт-дәстүрлер барынша насихатталады.

«Сырғалым» сырласу клубы, «Ерке сылқым» хореографиялық залы, «Қызғалдақ» ұлттық экотәрбие клубы, «Сырлы әлем» бейнелеу өнері және «Ана тілі» шешендік өнер мектептері, «Қазына» ұлттық аспаптар сыныбы, «Ынтымақ» коворкинг залы, «Береке» аспаздық және «Бойтұмар» қолөнер және дизайн студиялары жұмыс жасайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.