Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстанда некені тіркеу Халыққа қызмет көрсету орталығында жүзеге асырылады, деп хабарлады asaaqparat.kz сайты ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазір «Неке және отбасы туралы» кодекске сәйкес Азаматтық хал-актілерін тіркеу (АХАТ ) бөлімі тууды, қайтыс болу, неке (ерлі-зайыптылықты) қию және бұзу процесін жүргізеді. Сонымен қатар аты-жөнді ауыстыруда, ата-ана атанғанда, бала асырап алған кезде, азаматтық хал акті жазбаларын түзетіп, қалпына келтіреді және жояды. Сол сияқты бастапқы және қайталама куәліктерді, электрондық нысандағы немесе қағаз жеткізгіштегі анықтамаларды, азаматтық хал актілері жазбаларының көшірмелерін береді. Одан бөлек, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу кітаптары мен куәлік бланкілерінің сақталуын қамтамасыз етеді», — делінген ресми хабарламада.
Президенттің 2014 жылғы 25 тамыздағы №898 «Қазақстан Республикасы Үкіметінің деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді бөлу жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес азаматтық хал актілерін тіркеу функциялары жергілікті атқарушы органдарына берілген.
Әділет министрлігінде мемлекеттік деректер қорларын және ақпараттық жүйелерді жүргізу, әдістемелік және нормативтік қамтамасыз ету функциялары қалдырылды.
«2022 жылғы 14 шілдедегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу жөніндегі функция биыл 1 шілдеден бастап мемлекеттік корпорацияға беріледі», — дейді ведомстводан.
Әділет министрлігі АХАТ функциясын мемлекеттік корпорацияға берудің факторларын атап көрсетті.
«Бүгінде мемлекеттік корпорация халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай провайдері. Мемлекеттік корпорация әлеуметтік төлемдерді ресімдеу, жер учаскелеріне құжаттарды ресімдеу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, жылжымалы мүлік кепілдерін тіркеу, жылжымайтын мүлік объектілерін техникалық тексеру, заңды тұлғаларды тіркеу қызметтерін қабылдауды және өңдеуді шоғырландырды. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, АХАТ функциясын мемлекеттік корпорацияға беру АХАТ қызметін жоюды көздемейді, олар тиісті құзыреті бар мемлекеттік корпорацияда орналасады», — деп түсіндірілді.
Неке туралы кодекстің 13-бабына сәйкес, неке тіркеуші органдарда не арнайы мемлекеттік неке сарайларында қиылады. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап некені тіркеуші органы болып мемлекеттік корпорация анықталды.
2023 жылғы 6 ақпандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық активтер және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес кодекстің 182-бабына азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу қызметтеріне ақы төлеу бойынша өзгерістер енгізілді (2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі).
Осыған байланысты, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркегені үшін көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу мөлшерін Әділет министрлігімен және монополияға қарсы органмен келісім бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган (Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі) айқындайтын болады.