Отандық медицина қызметкерлерінің жалақысы өсуі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген Үкімет қаулысында жазылған, деп хабарлайды http://asaaqparat.kz тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Құжатта көрсетілгендей, енді медицина және фармацевтика қызметкерлерінің лауазымды айлық мөлшері мына түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады:
– Біліктілігі жоғары деңгейдегі мамандарға (А блогының басқарушы персоналы, В1, В2 блогының негізгі персоналы): 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 3,42 мөлшерінде;
– Біліктілігі жоғары және орта деңгейдегі мамандарға (В3, В4 блогының негізгі персоналы): 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2,34 мөлшерінде түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады.
«Жоба Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының «2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан 2 есе жоғары болады» делінген 83-тармағын орындау мақсатында әзірленді», – деп түсіндірме берілген Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысына.
Құжат 19 сәуірге дейін көпшілік талқысында болады.