Халық тұрмысын жақсартудың қарышты қадамы

ақпараттық-насихаттық топтар ауданымызда болды

Елімізде Тәуелсіздік жарияланғалы қаншама игілікті іс қолға алынып, кетігіміз жамалып, кемтігіміз толды. Әлемде өзіндік орны бар мемлекетіміз үшін дамудың жаңа кезеңіне шығудың жолы айқындалып, бағыт-бағдарымыз белгіленді. Мұның барлығы ел басшылығының сара саясатының жемісі деуге негіз бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара жолын жалғастырып, жалпақ жұрттың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсартуға бағыттайтын маңызды құжаттарды дәстүрлі жариялап тұрады. Президенттің биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы 7 түрлі бағыттағы мәселелерге арналып, онда халықтың әл-ауқатын арттыратын 5 бастама белгіленді.
Жолдау жүктеген міндеттерді саралап, жан-жақты түсіндіруге облыстық насихаттық топтар құрылғаны белгілі. Осы орайда аудандық емханада денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен жүздескен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, ақпараттық-насихаттық топтың жетекшісі Дауыл Бейсенқұлов Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі міндеттерді тарқатып түсіндірді. Ол өз сөзінде Президент халықтың тұрмыстық табысына назар аударып, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көлемін 42500 теңгеден 60000 теңгеге өсіру туралы шешім қабылдағанын айтты. Сон­дай-ақ көптің көкейіндегі мәселе­лердің 2025 жылға қарай өз шеші­мін табатынын жеткізген ол: «2020-2025 жылдары бюджеттен қаржылан­дырылатын сала қызметкерлерінің табысы жыл сайын 20 пайызға өсетін болады. Жалпы, ел Президенті қандай сала болмасын, оның әлеуметтік-саяси дамуына жетелейтін бағыттарды ұсынды. Ол жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жаңғыртудың маңызды факторы азаматтық мәдениетті дамыту екенін, Президент әкімшілігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ауылдық жердегі азаматтық бастама­ларды қолдаудың тиімді тәсілдерін әзірлеуі, гранттық қаржыландыру жүйесін ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың сұранысына қарай бейімдеп, оны алудың жеңілдетілген режимін енгізуі қажет екенін баса айтты», – деді. Сонымен қатар партия тарапынан 2020-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарлама құрылып, оны іске асыру бойынша арнайы Жол картасы әзірленгенін сөз етті.
Жиында сөз алған партия аудан­дық филиалы төрағасының бірін­ші орынбасары Рүстем Қасымов бүгінде өңірде Жол картасын­дағы 86 іс-шараның 40 пайызы орындал­ғанын, жыл соңына дейін толық қамтылатынын айтты. Сондай-ақ медицина қызметкерлері атқара­тын жұмыстарға байланысты тармақта­рының орындалуына септігін тигізіп жүрген емхана мамандарына алғысын жеткізді.
* * *
Қаракемер ауылдық клубында тұрғындармен жүздескен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай еркін форматта Жолдаудың маңыздылығын түсіндірді.
«Барлық бағыттың дамуы ел тағдыры үшін маңызды. Ел Президенті өз Жолдауында қарапайым еңбек адамының, зейнеткерлердің, мемлекеттік қызметкерлер мен білім-ғылым саласында еңбек етіп жүрген мамандардың, қала берді мемлекеттік басшылықта отырған депутаттар мен министрлердің, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің әрқайсысының міндетін, қызметіндегі өзгерістер мен жаңалықтарды санамалап айтып өтті. Әсіресе соңғы уақытта денсаулық сақтау саласы қызметкерлері еңбегінің бағалануын, әлеуметтік көмектің тағайындалуын тапсырды. Себебі пандемия уақытында алдыңғы шепте ауыр дертпен күрескен ақ халатты абзал жандар екені баршамызға белгілі.
Халқымыздың мәдени-рухани сұранысын қанағаттандыру бағытында еңбек етіп жүргендіктен, мәдениет саласында болып жатқан барлық өзгеріс пен жаңалықтар менің жаныма жақын. Мемлекет басшысы қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайтуда еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән берілетінін айтып, оны шешу жолдарын ұсынды.
Жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізденіс үстінде жүретін жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музыканттар, қаламгерлердің елеусіз қалып, меценаттардың көмегімен ғана күн көретінін, шын мәнінде, Қазақстан мәдениеті сол жас дарындылардың арқасында жаһандық деңгейде танылып жүргенін қадап айтты. Сол үшін жыл соңына дейін жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспарын ұсынуды тапсырды. Жолдауда айтылған тағы бір мәселе – мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы. 2022 жылдан 2025 жылға дейін осы санаттағы қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді жүктеді. Өзім де мәдениет қызметкері ретінде мемлекет тарапынан жасалып отырған әрбір көмек бізді жігерлендіре түседі дегім келеді.
Бір сөзбен айтқанда, ел Президенті өз Жолдауында қазіргідей жаңарған заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көрінетінін ашық жеткізді. Ел азаматтарын Отанымызға адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуге шақырды.
Мемлекет басшысының Жол­дауы еліміздің жаңаша дамуына жол ашып, әрбір азаматтың өмір сапасын арттыратыны анық. Жолдаудың талаптарын орындау – баршамыздың міндетіміз.
Біздің ортақ жетістігіміз әр азаматтың күш-жігеріне, жоғары азаматтық борышы мен жауапкершілігіне байланысты. Баршаңызды Жолдауда белгіленген міндеттерді жұмылып жүзеге асыруға шақырамын», – деді Ерлан Нұрманұлы.
Басқосуда сөз алған аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Байдалиев: – Бұл округке мемле­кеттік бағдарламалар арқы­лы айтарлықтай қолдаулар жасал­ды. Соның бір көрінісі – біз отыр­ған мына керемет ғимарат, яғни, ауылдық клуб пайдалануға беріл­ді. Мекеме ішінде кітапхана бар, үйірмелер де осында өтеді, – деді.
Тұрғындар атынан сөз алған Төле би атындағы орта мектептің директоры Жандос Әжібаев үйірмелерді көптеп ашу үшін материалдық базаның жетіспейтінін (мысалы, домбыра, қобыз, т.с.с.) айтып, ықпал етуін сұрады.
– Ауылдың мәдениетін көтеру – бәріміздің міндетіміз. Себебі нағыз өнерлі, дарынды, талантты жастар ауылдан шығады. Мемлекет жақсы ұсыныс пен жағдай жасап отырған кезде мүмкіндікті қалт жібермеуіміз керек. Басқарма тарапынан қолдау көрсетуге дайынбыз. Кез келген азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, үйірмелер ашу үшін басқармаға құжаттарын өткізуі керек. Бұл үшін қаражат қарастырылған, – деді басқарма басшысы.
Ауыл әкімі Жәнібек Әуелбаев ел Президентінің Жолдауын егжей-тегжейлі түсіндірген Ерлан Нұрманұлына көпшілік атынан рақмет айтты.
Осындай ақпараттық-насихаттық топтар Аса, Айшабибі, Ақбұлым, Жамбыл ауылдық округтері мен ірі кәсіпорындарда және мекеме-ұйымдарда халықпен келелі кездесулер ұйымдастырды.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.