Тиісті жұмыстар жүргізілген

Бүгінде облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен облыс бойынша «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық!» атты облыстық айлық өткізілуде. Мақсат – халыққа қызмет көрсету орындарының маңдайшаларында жазылған жазулар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткіштері және басқа да көрнекі ақпараттардың ҚР «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдарға сәйкес рәсімделуін зерделеу.

Осы мақсатта аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Байдалиев жетекшілік ететін жұмыс тобы Аса ауылында орналасқан мекеме-ұйымдарға, сауда нысандарына бас сұғып, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Жауапты тұлғаларға, дүкен иелеріне, сатушыларға мән-жайды жете түсіндіріп, аралаған нысандардың сыртқы және ішкі бетінде ілулі тұрған маңдайшадағы жазуларға, жарнамалар мәтініне, жазылу стиліне баса назар аударды.
Жыл басында мекеме-ұйымдарға, сауда нысандарына зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Сол кезде сыртқы жарнамаға қатысты бірқатар кемшілік анықталған еді. Жауаптыларға ол бойынша ескерту жасалып, уақытты көп ұзартпай жою керектігі, тіл мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайтыны айтылған.
Бұл жолы жағдай бұрынғыдай емес, біршама түзелген. Тиісті жұмыстар жүргізілгені көрініп тұр. Нысандардың маңдайшаларында жазылған жазулар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткіштері және басқа да көрнекі ақпараттар заңға сәйкес рәсімделген.
Жұмысшы топқа ілескен біз топ мүшесі, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Тұрсынхан Анарбаймен тілдескенімізде, ол: «Мемлекеттік тіл қазақ тілі болғандықтан, көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнама мәтіні алдымен қазақ тілінде сауатты жазылуы керек. Бұл тіл туралы заңның баптарында нақты көрсетілген. Заң – бәрімізге ортақ. Тілге құрмет – елге құрмет. Тілімізді құрметтеуді, дәріптеуді өзімізден бастауымыз қажет. Біз өз тарапымыздан нысан иелеріне тиісті көмек көрсетуге, қандай да бір мәселе бойынша кеңес беруге мүдделіміз. Кез келген уақытта бізге жүгінуіне болады», – деді.

Ильяс ҚАЛЫБЕКҰЛЫ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.