Атырауда 16 жастағы Әсемай Қазбекова жоғалып кетті. Жасөспірімді еріктілер мен полицейлер төрт күннен бері таба алмай жатыр, деп хабарлайды http://asaaqparat.kz сайты «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Әсемай Қазбекова алтыншы сәуір күні кешкісін құрбысына барамын деп, үйінен шығып кеткен. Содан бері ұшты-күйлі жоқ. 4 күннен бері тиісті орган қызметкерлерімен бірге жүздеген ерікті Әсемайды іздеп жатыр. Өзеннің асты, қамыс арасы, иесіз үй мен гараждар, көше-көшені аралап, табандары таусылғанымен, әлі нәтиже жоқ. Қыз бала соңғы рет қаладағы көпірлердің бірінің үстінен батып бара жатқан күннің суретін түсіріп, туыс-достарына жіберген. «Көпір үстіне жасөспірімнің шыққаны камерадан көрінеді. Екінші камера басқа бағытта қарап тұруына байланысты көпірден түскен бейнежазбасы жоқ. Қазіргі таңда су асты іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Себебі қазіргі таңда жасөспірімнің суға секіріп кетті деген де күмән бар», — дейді облыстық полиция департаменті баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Айта кетейік, жыл басынан бері Атырау қаласында 33 жасөспірімнің жоғалу дерегі тіркелген. Абырой болғанда, оның 32-сі үйіне аман-есен оралды.