Таяуда аудандық мәслихаттың төрағасы Мұхтар Шайдаев Қызылқайнар, Гродеково, Жалпақтөбе ауылдық округтерінде болып, аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Серік Спатов, бөлім басшысы Әділет Бөлегеновпен бірге аталған елді мекендердегі мекеме-ұйым, білім және медицина нысандарын аралап, жай-күйімен танысып, ұсыныс-пікірлерді назарға алды.
Сапар аясында аудандық мәслихат төрағасы жергілікті атқарушы органмен бірлесе атқаратын жұмыстар туралы мағлұмат беріп:
– Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Халық үніне құлақ асу, тұрғындардың талап-тілегін тыңдау, проблемаларын шұғыл шешу Заңмен де белгіленді. Осы ретте мәслихат мақсаты – халық игілігіне сапалы әрі жедел қызмет ету, – деді.
Мұхтар Бекзатұлы жоғарыда аталған елді мекендерде туындаған мәселелерді жан-жақты пысықтап, аудандық мәслихаттың алдағы сессияларында ескерілетінін, заң аясында шешімдер қабылданатын, заңдылыққа сәйкес мәселелердің шешілуіне ұсыныстар енгізілетінін айтты.