Әлихан Бөкейхановтың хатын тапқан кімдер?

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ғалымдары көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының ұйымдастырушысы әрі жетекшісі Әлихан Бөкейхановтың хатын тапты, деп хабарлайдыhttp://asaaqparat.kz

(фотода) Әлихан Бөкейхановтың хатын тапқан павлодарлық ғалымдар.

Басылымның жазуынша, бірегей құжат саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі облыстық комиссияның ғылыми-зерттеу экспедициясы барысында Семей қаласындағы Жаңа заман тарихының құжаттамалық орталығынан табылған. Ғалымдар тапқан хат 1918 жылы 20 маусымда жазылған.

Хатта Алаш-Орда төрағасы Әлихан Бөкейханов Семей әскери штабына кері шақырылған Ахмет Байтұрсыновтың орнына Алаш-Орда Бүкіл қырғыз Халық Кеңесі Ұлттық полиция басқармасының өкілі Әбікей Сәтбаевтың тағайындалғаны туралы хабарлаған. Басылымның мәліметінше, Әбікей Сәтбаев «Алаш-Орда» ұлт-азаттық қозғалысының мүшесі болған, 20-ғасырдың басындағы Қазақстан ағарту, білім беру ісінің жарқын өкілдерінің бірі. Ол 1881 жылы Павлодар ауданы Баянауыл ауданы Қ.И. Сәтбаев атындағы ауылда дүниеге келген. Көрнекті ұстаз Павлодар орыс-қазақ мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. Кейін губерниялық оқу бөлімін басқарып, Семей мұғалімдер семинариясында сабақ беріп, Семей педагогикалық техникумының бірінші директоры болған.

Әбікей Сәтбаев – Қаныш Сәтпаевтың ерекше құрметтеп, алған тәлім-тәрбиесіне ризашылығын білдірген немере ағасы. Оның шәкірттері қатарында қазақстандық ғалым, археолог Әлкей Марғұлан бар. Сондай-ақ Әбікей Сәтбаев ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, ағартушы, жазушы, ғалым Ахмет Байтұрсыновты жақсы білетін, жақын араласқан жанның бірі болған. 1937 жылы Әбікей Сәтбаев тұтқындалып, ату жазасына кесілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.