Тұрғындар мәселесі назарға алынды

Жетінші шақырылған Жамбыл аудандық мәслихаты депутаттарының ауылдық округтерде азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдауы кестеге сәйкес кеше басталды. Негізгі мақсат – аудан тұрғындарының талап-тілегін білу, жергілікті халықтың үніне құлақ асу, елге ортақ өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ету, қордаланған түйткілдердің түйінін тарқату. Қабылдауға кез келген тұрғынның келуіне, жеке басына қатысты, ауылға немесе жұртшылыққа ортақ мәселелерді көтеруіне болады.

Бекітілген кестеге сәйкес аудандық мәслихаттың депутаты, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Қасымов Аса ауылдық округі әкімінің қызмет бөлмесінде жергілікті тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, мәселесіне мән берді.
Қабылдауда Әуезов көшесінің тұрғыны, зейнеткер Аманкүл Орынтаева қоғамдық көлік мәселесі әлі күнге дейін шешілмегенін көлденең тартса, Төле би көшесінің тұрғыны Шарипа Елібаева жаңа көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісіндегі электр жарығына, кейбір пәтерлерде орнатылған газ плитасына байланысты түйткілдерді тілге тиек етті. Ауған соғысының ардагері Батырхан Шәлімбетов Мәметова көшесіне кәріз жүйесі жүргізілгенін, алайда жауаптылар үйілген топырақ пен бетон тастарды әкетпегенін, соның салдарынан балалар сүрініп құлап, дене жарақаттарын алып жатқанын жеткізді.

Ал, Қойгелді көшесінің қилысында тұратын бір топ тұрғынды бастап келген Батырбек Алмаханов өздері тұратын тұрғын үйлердің техникалық паспортын, басқа да тиісті құжаттарын жасатып алғысы келетінін, сол үшін де көмек сұрап келгендерін айтты. Ал, темір жолдың арғы бетіндегі тұрғындар – Берік Әмреев өзінің атына тіркелген автокөлікке төленетін салықтың берешегі бар екені анықталғанын, бірақ көлік бұрында сатылып кеткенін, бұл мәселені заңды түрде шешу жолдарын сұрап білсе, жалғызбасты ана Райхан Ахметова атаулы әлеуметтік көмекке байланысты жағдайын жете түсіндіріп, өзі әрі үш баласының екеуі аурушаң екенін, мемлекет тарапынан берілетін көмекке мұқтаждығын жеткізді.
Депутат өз кезегінде тұрғындарға заң шеңберінде нақты жауап беріп, өтініш-тілектерді назарға алатынын, ол бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін, қажет жағдайда жауаптыларға депутаттық сауал жолдайтынын алға тартты.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.