Байзақта жем шығаратын зауыт іске қосылды

Халықаралық «ZHEIF-2023» форумы аясында Байзақ ауданында «Алель Агро» АҚ-ның құрама жем шығару зауытының іске қосылу рәсімі өтті деп хабарлайды asaaqparat.kz

Өткен жылы құс фабрикасы құрылған кәсіпорынның жұмысын жаңадан бастаған зауытының жалпы құны 4,4 млрд. теңгені құрайды.

Құс фабрикасында өндірілетін өнімді көбейту және бағасының қол жетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған зауыт жылына 96,0 мың тонна жем өндіруге қауқарлы.

 

Кәсіпорынның ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, Қырғыз Республикасы Талас облысының губернаторы Нұрлан Дарынов, «Алель Агро» акционерлік қоғамының бас директоры Ерік Ахметбекұлы және ауыл шаруашылығы саласының ардагері Амангелді Карентаев қатысып, өз лебіздерін білдірді.

— Қазіргі таңда облыстың ауыл шаруашылығы саласында бірқатар шет елдік компаниялармен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Аймақта егін егіп, мал өсірумен қатар құс шаруашылығын дамытудың да мүмкіншілігі зор десек, осы орайда бүгін ашылып отырған зауыттың маңыздылы екендігі сөзсіз.

Айталық, облыста 2019-2021 жылдары 4 ірі құс фермаларымен 15,4 мың тонна құс еті өндіріліп, 2022 жылы қосымша «Алель Агро» акционерлік қоғамының құс фабрикасы құрылды. Алдағы жылдары да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, кәсіпорындар ашу көзделген. 2026 жылға қарай құс етін өндіру көлемін 15,4 мың тоннадан 70 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Осылайша өз-өзімізді құс етімен қамту мәселелесі шешіледі деп күтілуде.

Ал, құс еті өнімін өнімін артыру және бағасының қол жетімді болуын қамтамасыз ету үшін бүгінгі ашылып отырған «Алель Агро» акционерлік қоғамының құс фабрикасында жылына 100 мың тоннаға жуық жем өндіретін зауыттың болашағы зор десек қателеспейміз,-дей келе Нұржан Нұржігітов құс шаруашылығын дамыту өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге айтарлықтай серпін беретінін атап өтті.

Зауыт толық жағдайда жұмыс істегенде ішкі нарықты толығымен қамтитын болады.

Ал, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек инвестициялық форум аясында шетелдік және еліміздің әр өңірінен келген қонақтар облыста атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен танысып, өзара тәжірибе алмасын жатқанын баса айтты. Сонымен қатар, ол шикізаттан терең өңдеуге көшудің маңыздылығына тоқталып, құрама жем өндіруге мемлекет тарапынан 25 пайыз субсидия қаралғанын жеткізіп, бұл бағытта басқа да қолдаулар қарастырылатынын тілге тиек етті.

Сондай-ақ, Қырғыз Республикасы Талас облысының губернаторы Нұрлан Дарынов, Алель Агро» акционерлік қоғамының бас директоры Ерік Ахметбекұлы және ауыл шаруашылығы саласының ардагері Амангелді Карентаев та форумның ауқымдылығы мен ұтымды тұстарына тоқталып, жаңа зауыттың жұмысына сәттілік тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.