Киелі Әлиеата жері өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған аймақ десек, соның ішінде біздің аудан – түрлі этностардың ұйысып отырған қасиетті мекені. «Бірлік бар жерде — тірлік бар» дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.
Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Гродеково ауылдық мәдениет үйінде аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының өзге этнос өкілдерімен өткен кездесуі мереке мезіретін айшықтап тұрған іспеттес. Әсіресе, арнайы мерекеге орай әзірленген аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама, әуезді ән мен күмбірлеген күй бауырлас халықтың назарын аудартпай қоймады.
Ақ пейілмен жайылхан ақ дастархан басында аймақ басшысы Ерлан Қыдыралыұлы атаулы күннің маңыздылығына тоқталып, ізгі тілегін арнады.
– Бүгін біз сіздермен еліміздегі ең айтулы мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында жүздесіп отырмыз. Бәріңізді алдымен осынау сәулелі де шуақты, мәртебелі де мерейлі мерекемен шын ықыласыммен құттықтаймын. Баршаңыз білесіз, біздің мәңгі құндылығымыз, басты байлығымыз – азаматтық татулық пен этносаралық өзара келісімді сақтау. Елімізде берік орнығып, тамырын терең жайған достық пен келісім дәстүрлерін болашақ ұрпақтың бойына барынша дарыту бәрімізге ортақ міндет екенін де жақсы білесіздер.
Қазір ауданымызда 30-дан астам ұлттың өкілдері ынтымақ пен татулықты ту етіп жарасымды тұрмыс кешуде. Олардың барлығы өңірімізді гүлдендіруге, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға біркісідей жұмылған. Оны өздеріңіз күнделікті көріп-біліп жүрсіздер. Ендігі жерде баршамыз ынтымағымызды ыдыратпай, сыйластығымызға көлеңке түсірмей, бұдан да етене бірігіп, жаңа мақсаттарға бірге қол жеткізу тиіспіз. Сонда ғана Қазақстан деп аталатын ортақ үйімізде мәңгі тыныштық орнайды, тәуелсіздігіміз тұғырынан таймайды. Бүгінгі айтар тілегім таусылмайды. Еңсесі түспес ерлігі, ерен қуат-бірлігі бар берекелі қазақ жерінде халықтар достығы мәңгі жасасын. Қазақстан халқы өркен жайып, мемлекетіміз молшылыққа, әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенеле берсін. Сіздерге мықты денсаулық, отбасының амандығы мен берекесін тілеймін, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Ақ тілекті жалғаған «Барбанг» күрді этномәдени орталығының төрағасы Сабри Асанов татулығы тұғырлы, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі аудан халқын бірлік күнімен құттықтап, мереке мезіретінде өзге ұлт өкілдеріне құрмет көрсетіп, елеп-ескерген аудан басшылығына алғаусыз алғысын жеткізді.
Айта кетейік, бірлік пен татулық, тыныштық пен бейбітшілік күнінде аймақта халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сiңiрген еңбегi үшiн бірнеше этнос өкілдері аудан әкімінің алғыс хатымен мараппатталып, сый-сыяпатқа ие болды.