Жуырда аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығында Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай грек-рим күресінен облыстық турнир өтті. 2004-2006 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы жарыста Байзақ, Сарысу, Т.Рысқұлов, Жамбыл аудандарының жас палуандары күш сынасты.
Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен турнир жоғары деңгейде болды.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов, бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Мақсат Риянов құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Дәл осындай турнирлер спортшыларды жігерлендіріп, олардың үлкен белестерді бағындыруына жол ашады. Қазір елімізде спорт саласының дамуына айрықша көңіл бөлінуде. Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған турнирде өнер көрсететін жасөспірімдер алдағы уақытта бұдан да жоғары бәсекелерде тұғырдың жоғары сатысынан көрінеді деген сенімдемін, – деді жарыстың бас төрешісі, грек-рим күресінен Жамбыл облысының аға жаттықтырушысы Ахметжан Нұрмағанбетов.
Тартысқа толы турнирдің қорытындысы бойынша ауданымыз командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Сарысу ауданы екінші орынға қол жеткізсе, Байзақ ауданының командасы үшінші орынды місе тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы диплом мен медальдар табыс етілді.
– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Кіл мықтылар жиналған екен. Қатысушылардың барлығы жақсы дайындықпен келгені көрініп тұр. Бұл – қатардағы көп жарыстың бірі емес. Қазақтың әйгілі балуаны Қажымұқан атамыздың құрметіне ұйымдастырылған жарыс. Сондықтан да тыңғылықты дайындықпен келдім. Қарсыластарымнан басым түсіп, жеңіске жеттім. Осындай турнирлер бізді шыңдай түседі, – дейді алтын медаль иегері Досжан Құрманбек.
Жәнібек АСАНОВ