Шерағаның жүлдесі сарапқа салынды

Жуырда №1 орта мектепте «VІ Шерхан Мұртаза оқулары» байқауының аудандық іріктеу кезеңі өтті. Аудандық білім бөлімі ұйымдастырған бәсекеге білім беру мекемелерінің 10, 11-сынып оқушылары қатысты. Шараны аудандық білім бөлімінің әдіскері Айгүл Бақытжанқызы ашып берді. Ол Шерхан Мұртазаның өнегелі өмірі мен еліне еткен өлшеусіз еңбегі жөнінде сөз қозғап, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бәсекеге қатысушалар «Жұлдызы нұрлы суреткер», «Рух пен намыстың төресі», «Зау тұлға», «Шерхан Мұртаза мұрасы» бағыты бойынша бақ сынап, бар мүмкіндіктерін көрсетті.
Аудандық білім бөлімінің әдіскері Айгүл Бақытжанқызы, белгілі айтыскер ақын Айтмұханбет Исақов, «Жастар ресурстық орталығының» бөлім басшысы Фархат Балажанов қазылық еткен байқаудың «Жұлдызы нұрлы суреткер» айдарында Бірлесу-Еңбек орта мектебінің оқушысы Елдос Жолдыбай бас жүлдені жеңіп алса, бірінші орынды №6 мектеп-гимназияның оқушысы Айжан Сембек иеленді. «Зау тұлға» бөлімінде Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Аяулым Құдайберген бас жүлдеге қол жеткізсе, Төле би атындағы орта мектептің оқушысы Ерке Төленбекова бірінші орыннан көрінді. «Рух пен намыстың төресі» деп аталатын кезеңде №6 мектеп-гимназияның оқушысы Жәнерке Наршабаева бас жүлдеге, Амангелді атындағы орта мектептің оқушысы Аслан Күмісбек бірінші орынға лайық екендерін дәлелдеді. Ал «Шерхан Мұртаза мұрасы» бөлімінде бас жүлде Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Мөлдір Тоқтасынға, бірінші орын Макаренко атындағы орта мектептің оқушысы Айнұр Нұржаубайға бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы грамоталармен марапатталды. Ал бас жүлде мен бірінші орын иегерлері дәстүрлі байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.

Ақжігіт Жетпісбай

Leave A Reply

Your email address will not be published.