ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР ҰЛЫҚТАЛДЫ

ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Қазақ халқы ерте заманнан салт-дәстүрді берік ұстанғаны, әр дәстүрдің өзіндік тәрбиелік мәні болғаны белгілі. Дегенмен технология дамыған заманауи заманда ата-баба салты ұмыт болып бара жатқандай көрінетіні жасырын емес. Бұл ретте ескіні жаңартып, бұрынғыны жаңғырту ұлттық руханиятымызды көтеру, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, салт-дәстүрлерімізді дәріптеу үшін аса маңызды. Бұлай жасамасақ, өзімізге тән болмысымыз бен ділімізден айырылып қалу қаупі бар. Сол үшін де ата-бабаларымыз салған сара жолмен жүріп, мирас еткен мұраларына адалдық таныту, өткенді ұмытпай, жаңаша кейіпте әспеттеу идеологиялық тұрғыдан өте өзекті.

Жуырда «ALMALY» этно-туристік кешенінде «Мәдениет – асыл қазынам» атты облыс аудандарының мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған «Қымызмұрындық» этно-фестивалі дәл осы ұлттық дәстүрімізді ұлықтауға, әдет-ғұрпымызды дәріптеуге арналды. Облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының тікелей қолдауымен ашық аспан астында жаңаша форматта өткізілген шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, аудан ардагерлері, өзге аудандардың ардагерлері, жергілікті тұрғындар арнайы келіп, дәстүрлі мерекені тамашалады.

Айтулы шара өңір басшысы Ерлан Қыдыралының алғысөзімен ашылды.

Фестиваль барысында көпшілік назарына аудан тарихынан сыр шертетін көрнекіліктер, қолөнер көрмелері ұсынылды. Арнайы тігілген екі киіз үйдің біріндегі көрме де жұртшылық назарынан тыс қалмады. Екінші киіз үйде салт-дәстүр көрсетіліп, көпшілікке қымыз берілді. Ақ жаулықты әжелер жүн түтіп, ұршық иіріп, келі түйіп, ауылдың алты ауызын айтты. «Дарын» театрының әртістері мерекелік қойылым қойса, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев биебау батасын берді. Ұлттық нақышта киінген бұрымдылар қымыздың қалай жасалатынын көрсетіп, қымыз түрлерімен таныстырса, жігіттер жағы қымыз ішіп жарысты. Ұл-қыздар алтыбақан теуіп, қыз бен жігіт айтысын тамашалады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.