Баянды болашаққа алғашқы қадам

Сыбайлас жемқорлық елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізеді. Жемқорлық – қоғамның өзегіне түскен жегі құрт секілді. Оны жоймай мемлекетте даму, уақыт көшіне сай өркендеу болмайтынын айтпасақта түсінікті

Сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күннің күрделі мәселесі болып отыр. Оған осы бастан тоқтау қоймаса кез келген елдің болашағын болжау мүмкін емес. Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының сапасын арттырудың маңызы зор деп ойлаймын. Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу болып табылады. Қоғамның барлық күш жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі таралмауы үшін оған бөгет болудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде түбегейлі қарсы тұруға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы және адамгершілік міндеті деп білуге керек. Әр азамат ең алдымен ұлттық санаға мән берсе, бұл кеселден құтыла аламыз. Бұл тұжырым уақыт екпінінен өткен ой. Яғни бала тәрбиесіне баса назар аударған жөн. Жасөспірім шақта баланы адамгершіліке баулып, жақсылық жасаудың қоғамдағы орнын, әдептіліктің мәртебесін, әділдіңтің биіктігін сыр сандыққа ұдайы құйып отырсақ, бұғанасы қатаймаған жеткіншек осы жастан-ақ ізгіліктің жолына түсер еді. Жемқорлық – барлық қылмыстың бастауы. Бармақ басты әрекетке барған адамның алдымен жүрегі қатайып, ойы өзгереді. Басқа бір адамның нәпақасынан үлесін алып, ақшаны оңай жолмен табудың түрлі әдістерін ойластырады. Бұл әлемді жайлаған нашақорлықтан асқан індет деп түйіндесек артық айтқанымыз емес. Сондықтан баянды болашаққа қадамды ұрпақ тәрбиесінен бастағанымыз дұрыс деп санаймын.

Еркін КЕЛЕСОВ, Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.