Егеменді ел болып, тәуелсіздік туын биік көтерген қазақ елінің бүгінгі таңдағы алдына қойған мақсаты – дамыған өркениетті ел қатарына қосылу. Бұл мақсатқа жетудің бір жолы – қай сала болса да барынша еңбек етіп, қазақтың материалдық, рухани байлықтарын әлемге танытуға әрекет жасау. Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа терең біліммен бірге өзінің атақонысының табиғатын, өзен, көлін, тауы мен сахарасын танып білуде туризмнің атқарар рөлі ерекше.
Табиғат – ананы жақсы білген баланың бойында еліне, жеріне деген сүйіспеншілік молынан қалыптасып, отаншылдық рухы жоғары болады. Осы ретте бәсекеге қабілетті туристік индустрия құру жолында БАҚ-ның маңызы зор деп білеміз. Медиа және туризм саласындағы жаңалықтарды басшылыққа ала отырып, тәжірибе, ақпарат алмасу кеңістігін кеңейту, ірі жобаларды жүзеге асыру, тарихи-мәдени орындарымызды шетелдік БАҚ-на насихаттау туристік имиджімізді қалыптастыруға зор үлес қосары анық.
Дәләрек айтсақ, Алматы облысының Қонаев қаласында өткен бірінші халықаралық медиа және туризм форумы 200-ден аса делегаттың басын бір арнаға қосты. Олардың қатарында Жамбыл облысының атынан мен де бардым.
Шараның басты ұйымдастырушысы «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызымен Алматы облысының әкімдігі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму, ҚР Мәдениет және спорт министрліктері бірлесе отырып, туризмді дамытудың басты кілті болып табылатын медиа құралдардың маңыздылығын айқындауға ұйытқы болды. Әлемнің он беске жуық мемлекетінен, еліміздің әр аймағынан келеген халықаралық және отандық БАҚ басшылары, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, журналистер, баспасөз хатшылары, PR менеджерлер мен туризм саласының мамандары туризм инфрақұрылымын дамыту, реттеу мен қолдаудың тиімді тетігін құру, елдің туристік имиджін қалыптастыру, әлеуетті арттыру мәселелерін кеңінен талқылады. «Қазақстандағы туризм: даму келешегі мен мүмкіндігі», «Туризм мен жаңа коммуникацияларды дамытудағы БАҚ-тың маңызы», «Медиа. PR және туризм индустриясы», «Синтетикалық медиа: контент қалыптастырудағы нейрожүйе» тақырыптары қамтылды.
Жиынға арнайы келіп қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев туристік нарықта салыстырмалы түрде Қазақстанға деген үлкен қызығушылықтың барын, болашақта шетелдік туристер ағынының ұлғаюы елімізді Орталық Азия мен Еуразиядағы жаңа әрі тартымды нысан ретінде көрсететінін алға тартты. Экономиканың өсімін қамтамасыз етудің жаңа бағыттарын қалыптастыру, туризмді дамытуға мемлекет тарапынан қолдау жасау шеңберінде маңызды жобаларды жүзеге асыру қажет. Осы жолда БАҚ-ның алатын орны айрықша. Бұл ретте тарихи және мәдени орындар турасында ақпарат таратып, туризмді насихаттауға оң ықпал ететін медиа құралдармен тығыз байланыс орнату қажеттігі айтпаса да түсінікті. Даму жоспары шеңберінде туризм инфрақұрылымын дамыту үшін жағдай жасау, қызмет көрсету сапасын арттыру қарастырылған. Қор президенті Нәзия Жоямергенқызы бүгінгі күні қолға алынған кешенді жобалардың туристер ағынын көбейтуге ықпал ететіндігіне тоқталды. Айтуынша, өткен жылы «Ковид-19» індетінен соң әлем бойынша туризм күрт дамып, 1 трлн доллар табысқа кенелген. Табиғи ландшафтарымен, флора-фаунасымен және көшпелілердің тарихи-мәдени мұрасымен әрі көне қалалар мәдениетімен үйлесім тапқан туристік турлар Қазақстанды бәсекеге қабілетті ете түседі. Сондықтан бірінші халықаралық медиа және туризм форумын еліміздің орталықазиялық өңірдің туризм орталығына айналуы үшін жасалған құтты қадам деп тануымызға әбден болады. Форум аясында Алматы облысының көрікті жерлеріне пресс-турлар ұйымдастырылды.
ТАБИҒАТЫ ТЫЛСЫМ ТҮРГЕН ШАТҚАЛЫ
Бірінші табиғаты тылсым Түрген шатқалында орналасқан Аюлы сарқырамасына бет алдық. Туристер мен тауға шыққанды жақсы көретін тұрғындар ең көп баратын орын. Алматылықтардың көпшілігі демалыс күнін осында өткізеді екен. Әсем табиғат аясында таза ауада демалуға отбасымен де келетіндер бар. Бұл жерден шынайы көркемдікті сезінесіз. Тау шатқалында таза ауамен кеуде кере демалғанда жан сарайыңыз ашыла түседі. Жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесі бірігіп, ерекше үйлесім тапқан.
Аюлы сарқырамасы Іле Алатауы ұлттық саябағының аумағында орналасқан. Биіктігі – шамамен 30 метр. Мұнда аюлар топтасып тіршілік етеді. Атауы да соған сай. Түрген шатқалында бірнеше сарқырама бар. Ең танымалы Аюлы.
ҚҰПИЯҒА ТОЛЫ ШАРЫН
Табиғат ананың таңғажайып туындыларының қатарында Шарын шатқалы да бар. Алматы қаласынан 200 шақырымда орналасқан шатқал 12 млн жылдан астам уақыт бұрын пайда болған. Тау биіктігі 300 метрге дейін жетеді. Жартастары қызғылт түсті. Шатқалды бойлай Шарын өзені жылжып ағып, солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 154 шақырымға дейін созылып жатыр. Мұндағы сұлулықты сөзбен айтып жеткізу қиын. Бөгде ғаламшарға келгендей күй кешесіз. Түрлі формадағы жартастар алуан өрнектерге бай. Бір сырды жасырғандай жерге шөге түскен. Олардың қалай пайда болғандығы қызықтыра түседі. Жергілікті тұрғындар Шарынды бақсылар рухы қорғайды дегенге сенеді. Шатқал асып, жоғалып кеткен туристер туралы аңыздар көптеп таралған. Ертеде шайтан қала деп те аталған екен. Мұнда «Қамалдар алқабы», «Айдаһар шатқалы», «Бақсылар шатқалы» деп аталатын орындар бар. Флорасы мен фаунасы алуан түрлі.
КӨРКІНЕ КӨЗ ТОЙМАЙТЫН КӨЛСАЙ
Бұл күні жол талғамайтын көліктер қол-аяғымызды жерге тигізбей, діттеген жерге жеткізіп тастады. Фотоаппаратымызды, асай-мүсейімізді сайлап келген біз экзотикалық көріністі шамамыз келгенше сол қалпында таспалауға тырыстық. Көлсай еліміздегі ең көне және әдемі жерлердің бірі. Тұмса табиғат аясында демалғысы келгендер үшін таптырмайтын жер. Кеген ауданында орналасқан Көлсай көлін көзбен көруді бұрыннан армандап жүруші едім. Түркітілдес журналистер қорының арқасында тілегім орындалды десемде болады. Көлсай өзенінің ағымында үш көл орналасқан. Жоғарғы, ортаңғы, төменгі Көлсай көлдері. Негізінен ұлттық парк аумағына жұрт табиғатты тамашалау, таза ауада серуендеу үшін келеді. Өйткені мұнда емдік қасиеті бар бұлақ, батпақ пен шипажайлар жоқ. Туристерге жақсы демалыс жағдайын жасау үшін қонақүйлер қатары артып келеді. Кәсіп ашуға да мүмкіндік бар. Қолөнер бұйымдары демалушылар назарына ұсынылуда. Электр желісі жоқ алыс кордондар күн батарейкасымен жұмыс істейтін баламалы энергия көздерін пайдаланады. «Саты ауылы-Саты асуы» туристік маршруты абаттандырылып, Көлсай көлі демалыс орнында жаяу жүргіншілерге арналған соқпақ жол салынған.
Бізді Алланың нұры – ақ жауынымен қарсы алған Көлсай көз қарықтырған сұлулығымен тамсандырып, шығарып салды..