Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының, аудандық мәслихаттың төрағасы Мұхтар Шайдаевтың аудан тұрғындарын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтауы
Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді ұлттар мен ұлыстар бірлігінің шынайы рәмізіне айналған еліміздегі айтулы мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 1 мамыр – ынтымақта тұрмыс кешіп отырған халқымыз үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Бұл күні еліміз ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді. Бір анығы сол, тату елде тыныштық орнайды. Бейбіт елде ғана береке болады. Біздің ең асыл қазынамыз елдің ынтымақ-бірлігі десек, осы ынтымақтың арқасында Қазақстан бүгінде іргелі елге айналып отыр. Тәуелсіздігіміз нығайды, экономика өркендеді, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Олай болса, біздің жасампаз тарихымызды елдің әрбір азаматы мақтан етуге тиіс. Бүгінде Жамбыл ауданында бір үйдің баласындай болып 30-дан аса ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Достық пен бірлікті серік етіп, аудан аумағындағы дүнген, түрік, күрді халықтарының ұлттық-мәдени орталықтары Қазақстан халқы Ассамблеясы шаңырағының астында жемісті жұмыс атқарып жатыр. Алдағы уақытта да «Ынтымақты елде бақ тұрар» деген ата-бабамыздан қалған қағидатты ұстансақ, болашағымыз баянды болмақ. Ынтымақ пен бірлік бар жерде алмайтын қамал, еңсермейтін қиындық жоқ.
Қадірлі жерлестер!
Бүгінгі достық пен бірлік мерекесінде баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, тыныштық пен береке, ел игілігі жолында жасап жатқан жұмыстарыңызға мол табыс тілейміз. Бірлік пен ынтымақ тиянақты тірлікке, жасампаздыққа бастай берсін. Ұлттар достығын ұлықтайтын айтулы күннен тағылым қалсын. Мереке құтты болсын!