Қазақстан халқының бірлігі күніне орай аудандық орталық кітапхана «AMANAT» партиясы аудандық филиалымен бірлесе «Достықтың тұғыры» атты қонақжай кешін ұйымдастырды. «Бейбітшілік пен келісім» жобасы шеңберінде өткен шараны партия аудандық филиалының төрағасы Мадияр Сәмбетов ашып, көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады. Халықтар достығы еліміздің бірлігінің кепілі, әр халықтың өнері рухани байлығының негізі екендігін, жастардың бойына өз ұлтының ділін сіңіріп, өзге ұлттың рухани байлығын сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу маңызды екенін айтты.
Кеште аудандық мәдениет үйінің «Салбұрын» триосы «Дүние-ай», «Дүнген қызы» әндерін әуелетсе, әнші Жақсылық Қалтешов «Ризамын» әнін орындады. №1 орта мектептің 6-сынып оқушылары Сымбат Сағынбай «Қазақстан бейбітшілік отаны», Айзат Сайлау «Ұлы достық», Мадияр Бексұлтан «Ақ көгершін», Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің 4-сынып оқушылары Медина Өмірбек «1 мамыр», Толғанай Уалихан «Достық», Альбина Нұрмұхамед «Бірлік» атты өлеңдерді нақышына келтіре мәнерлеп оқып берді. Өзге ұлт өкілдері Захаддин Туранов түрік тілінде лебізін жеткізсе, Эдиса Мамбеталиева өз шығармасынан «Махаббат» атты жыр-шумағын қырғыз тілінде оқыды. Сондай-ақ, көпшілік назарына «Татулық – достықтың киелі бесігі» атты слайд, «Бейбітшілік – бауырластықтың белгісі» атты кітап көрмесі ұсынылып, библиографиялық шолу жасалды. Тағылымы мол қонақжай кешті аудандық орталық кітапхананың директоры Аида Қалисаева қорытындылады.