Тірліктен бірлікті артық қойған, «Береке бастауы – бірлік» сөзін қағида еткен дана халқымыз үшін бұл мерекенің орны ерек. Қонақжайлық қанына тән, жанына жақын қазақ халқы қаншама ұлттар мен ұлыстарға құшағын айқара ашып, кең даладан орын берді. Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды.
Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті қазақ жері көптеген этнос өкілдеріне құтты қоныс болды. Содан болар, бүгінде ел ішінде тату тірлік бар, ынтымақ пен бірлік бар. Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар еліміздің ашық аспаны мен көк туының астында бейбіт өмір кешуде. Бұл қазақ халқымыздың кеңдігін, бірлігін, ұйымшылдығын, ынтымақтығын білдіреді. Бәрімізге белгілі кең байтақ еліміз Қазақстан алуан ұлтты бауырына басқан, бейбітшілік пен татулықты әлемге үлгі еткен, достық пен ынтымақ елі. Сондықтан достық пен ынтымақ – біздің қымбат қазы намыз. Оны көзіміздің қарашығындай сақтау, ұлттар арасында араздық тудырмау әр азаматтың парызы. Бұл парыз байтақ даланы отан еткен барлық азаматқа, әрбір елін сүйген жанға жүктеледі. Бірлікте атқарылған тірлік те тындырымды, мемлекет те дамыған, алдыңғы қатарда болады. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге жетелейтін де біздің ауызбіршілігіміз, татулығымыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы артпақ. Халқымызға – ынтымақ, елімізге – молшылық, әр шаңыраққа – бақыт пен шаттық тілеймін. Достықтың берекесі артып, татулықтың туы биіктей берсін!
Нархан КАТЧИЕВА, көпбалалы ана.